Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЙЫС ДАЙЫНДАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

ҚАЙЫС ДАЙЫНДАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ


Өмірде қабырғасы санап алардай білініп тұратын барынша арық адамдар болады. Ал, күреске шыққанда қарсыласын алып ұрып, жер қаптырып кететіні де кездеседі. Кей сәтте көпшілік оған күмәнмен қарап, «мынауың, не қатырады дейсің» деп көңілі толмай тұрады. Жеңіске жеткенде оған көрермені «Пәле, қара қайыстай қайысып алып, күштісін қара, өзінің» деп ризалығын білдіріп, қуанғаннан қол соғады.
Бұл – олардың қара күшіне деген риза болғандағы айтылған теңеу. Сонда бұл теңеу сөз қазақтың қолдан жасалатын кәдімгі қара қайысының қандай мықты екенін көрсетсе керек. Ол бір жағынан оған жай көзқараспен қарамау керектігін аңдатады. Біздің тұрмыста тұтынатын кейбір заттарға осы қайысты пайдаланады. Мәселен, ер-тұрман, ат әбзелдеріне, қараша үйдің керегесіне сол дүние қолданылады. Осыдан барып қазақтың қайысқа жай көзқараспен қарамайтынын білесіз. Оны дайындауға үлкен мән берген.
Бала кезімде үйдің жанында тұратын көршіміз, марқұм Алтынбек ағамыз ауылдастардың қараша үйінің керегесін көктеп беретін. Көрші болғасын анда-санда барып көмектесіп қоятынмын. Кейде үлгере алмай жатса, керегесін көктесемін. Бір жағынан маған қызық. Қолыма сабы ұзын, ұшы істік жуан бізді береді де «Былай көктейді» деп көрсетеді. Сол көрсеткені бойынша үйреніп, мен де көктей бастаймын. Бір күні берген қайысы таусылып қалды. Өзі «қазір келемін» деп көрші үйге шаруаларымен кетіп қалды. Ол кісі жақын арада келе қоймады. Айналаға қарасам, бір тулақ тері жатыр екен. Содан қайыс тіліп алдым да, керегенің қалған жерін көктеп шықтым. Сәлден кейін ол кісі келді. «Оу, балам, болып қойдың ба? Жарайсың! Ендеше, керегені көтеріп ана жерге сүйеп қоя сал» деді. Керегені жинап көтере бергенімде, жаңағы теріден кесіп алып көктей салған қайыстар бірден «пырт-пырт» етіп үзіліп кетті. Оның сырын ағамыз бірден түсінді. Бірақ, ренішін білдіре қоймады. Осылай ұятқа қалдырып, қайыстың үзіліп кететінін мен де білмеймін. Ондай болса мен онымен көктемеймін ғой. Қайыс таусылып теріні пайдаланғанымды айттым. «Балам-ау, кез келген теріні қайыс орнына пайдалануға болмайды. Көрдің бе? Оны енді біліп жүр?! Қайыс деген арнайы түйенің, өгіздің қалың терісінен дайындалады. Енді оның қалай жасалатынын айтып берейін саған. Есіңе сақтап жүрерсің» деді. Содан қайысты дайындау жөніндегі әңгімесін бастап кетті. «Қайыс ірі қара, яғни өгіз бен жылқының, болса, түйенің терісінен жасалады. Алдымен ірі қара терісі сиятындай үлкен ыдысқа тұзқұрт дайындалады. Ол үшін айранға ұн шалып, бір қалта тұз салып, су құйып әбден араластырады. Содан мұны барынша ашытады. Осылайша дайын болған қоспаны «малма» деп атайды.
Теріні оған салмас бұрын оны су бүркіп әбден жібітіп алады. Содан кейін оның ішіне қоспадан қайта-қайта қалың етіп жағады. Сосын барып теріні бүктеп, әзірленген тұзқұртқа салады. Арада 7-10 күн өткенше теріні араластырып қояды. Ол азайса, үстемелеп ұн, тұз салып, су құйып көбейтіп отырған жөн. Осы уақыт аралығында тері жидіп, жүнінен ажыратылып қалады. Осыдан соң теріні көлеңкеге жайып кептіреді. Кеуіп құрғай бастаған терінің астына ағаш қойып, бүктеп, тоқпақпен ұрады. Кепкен жері жұмсарған соң, онда жабысқан артық еттері болса, қырып алынып тасталады. Тері дайын болғаннан кейін, алдымен божылық, шілия-қамыттық, айыл-тұрмандық, үзеңгі-баулық, өмілдірік-құйысқандық терілер қиылып, содан соң қамшылық, керегелік таспалар тілінеді. Бұл да сіз бен біздің өмірімізге қажетті тұрмыстық зат екенін ұмытпа» дегені әлі есімде.
Әрине, мұны сіздің де біле жүргеніңіз дұрыс. Кім біледі, бір күні қажетіңізге жаратып қалуыңыз мүмкін. Өмір болғасын тұрмыстық қажеттіліктердің болатыны шындық.

К.БАЙЕГІЗ
27 ақпан 2018 ж. 3 437 0