Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылға өкпе жоқ

Өткен жылға өкпе жоқ

Мінеки, бұл жыл да қас пен көздің арасында өте шықты. Әне-міне дегенше 2020 жыл да келді. Дегенмен әр жылдың жетістігі бар. 2019 жыл қазақ халқы үшін табысты жылдардың бірі болды. Оның ішінде жастар үшін ерекше айтулы жыл болғаны анық. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп, кемел келешек иелерін қолдауға басымдық берді. Жас ұрпаққа сенім артып, олардың әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылуына жағдай жасалды. Соның нәтижесінде қазақстандық жастар бас­панамен қамтылды, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға зор қолдауға ие болды.
Атаулы жыл аудан жастары үшін айтулы жаңалықтарға толы. Алдымен Жастар жылының салтанатты ашылуы ұйымдастырылып, онда жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндіктер жасалды. Серпінді жұмыс жасалуға нақты тапсырмалар берілді. Соның нәтижесінде ауданда жастар орталығы заманауи талаптарға сай ғимаратқа көшірілді. Жастар қоры құрылды. Жастар орталығы жас толқынның бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жасақталды. Бұдан бөлек осы жылдың аясында тіректі елді мекен Ақжармада Жастар аллеясы ашылды. Әркез жастарға демеу болып жүретін аудандық мәслихат депутаты, «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы М.Бисенов жас өрендер үшін демалыс орнын салып берді. Айта кету керек, Жастар аллеясының құрылысын ауыл жастары өздері жүргізді.
Сондай-ақ осы жыл шеңберінде Айдарлы жастары да үлгілі іс көрсетті. Ауыл жастарының ұйымшылдығының арқасында елді мекенге кіреберіске айшықты қақпа орнатылды. Үлгілі іске ұйысқан жастар осы арқылы өздеріне артылған сенімді жауапкершілікпен атқаратынын дәлелдеді.
Сырдариялықтар үшін бұл жылдың ерекше болғаны – ауданға көгілдір отынның келуі. Бұл аудан жұртының көптен бергі тілегі болатын. Осы жылдан бастап аудан орталығына газдандыру жұмыстары жүргізіліп, бекітілген көшелерге газ құбырлары тартылды. Негізі Тереңөзек кентін газдандыру 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Соның алғашқы жылында біраз көшеге газ құбырлары жүргізіліп, кент тұрғындары үйлеріне дейін газ құбырларын кіргізіп қойды. Енді алдағы жылы бұл жұмыс толық аяқталған кезде көгілдір отынның игілігін көретін болады.
2019 жылдағы тағы бір жаңалық – аудан орталығында Рәміздер алаңы ашылды. Өткен жылы Сырдария ауда­нының 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілгені белгілі. Соның аясында кенттегі Парасат алаңы жөндеуден өткізіліп, ау­данға еңбегі сіңген тұлғалардың бюсті қойылған болатын. Биыл бұл жерде Рәміздер алаңы жасақталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаң­басы, Туы, Гимні қойылып, ашылуы сал­та­натты түрде өтті.
Бұл жылдағы тағы бір көңілді қуант­қан жәйт, ауданда ардагерлерді ардақ­таудың ерекше үлгісі ретінде облыстық ақындар айтысы өтті. «Сырдария ау­данының Құрметті азаматы», айтыстың ақтаңгері Замаддин Ибадуллаевтың 80 жасқа толуына орай «Заңғар ақын – Замаддин» атты облыстық айтыс ұйымдастырылып, қарияға құрмет көрсетілді, аудан жұрты төл өнерге сусындады. Аламан айтысқа аймақтың әр ауданынан айтыскерлер қатысып, ел мерейін үстем етті.
Бұдан бөлек, тәрбиенің негізі – имандылық екенін білетін аудан халқы, үрдісті іске ұйысып, осы жылда Алла үйінің ашылуына себепкер болды. Атап айтқанда, аудандағы үлкен елді мекен Шағанда және Ақжарма ауылында жаңа мешіт ашылды. Ал ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы мешіт жанынан көпшілікке ас беруге арналған асхана ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылда көптің көмегімен іске асырылатын асар әдісін жандандыру керектігін айтқан болатын. Ал бұл іс ауданда жақсы үрдіске айналған. Оның ішінде көпір салуға келгенде асар әдісі қолданылып келеді. Соның айғағы ретінде, 2019 жылы да тағы бір көпір асар әдісімен салынды. Тереңөзек кентіндегі А.Әлиакбаров пен С.Усабаев көшесіндегі тұрғындардың талап-тілегі орындалып, «Майжарма» каналына көпір түсті. Мұндай игілікті іске кент тұрғындарының айтар алғысы шексіз.
Жалпы, айта берсе биылғы жылы аудан толағай табысқа жетті. Әрбір салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, жетістіктерге қол жеткізілді. Мұның бәрі сырдариялықтардың берекелі іске бір кісідей жұмыла білуінің арқасында жеткен айтулы жетістіктер. Ауданның табысы еселенген сайын халықтың тұрмыс деңгейі жақсаратыны сөзсіз. Сондықтан 2019 жылды шығарып, 2020 жылы бұдан да жоғары жетістікке жетуді тілейміз. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.


Ердос БЕРКІНБАЕВ



31 желтоқсан 2019 ж. 977 0