Тоқаевтың жарлығы: кредит қалай және қашан өтеледі
Премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов тұрмысы төмен азаматтардың кредиті қалай өтелетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кімдердің кредиті өтеледі
Министрдің айтуынша, президенттің атына кепілсіз тұтынушылық кредиттерді төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түскен.
"Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар түрлі себеппен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр", - деді Смайылов.
Ол президенттің тапсырмасына сәйкес, борыш жүктемесі азаятын топтарды атады. Олар: көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар.
Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында тұрмысы төмен топқа кіретін 933 мың азамат бар.
"Бірақ олардың барлығы бірдей кредит алған жоқ. Қанша азаматтың қарызы бар екені кейінірек белгілі болады. Алдын ала ақпарат бойынша 443 мың адамның кредиті бар", - деді вице-премьер.
Кредит қалай өтеледі?
Тұрмысы төмен азаматтардың кредитін өтеу – бір реттік акция.
Смайыловтың айтуынша, мемлекет есебінен әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі барлық қарызы өтеледі. Бұл қарызға негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кіреді.
Тағы оқыңыз: Борыш жүктемесі қалай азайтылады
"Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді", - деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бір қарыз алушыға кредиттің жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Мәселен, көпбалалы отбасында әйелі мен күйеуі несие алды делік. Егер олардың әрқайсысының кредиттерінің жалпы сомасы 3 миллион теңгеден аспаса, мемлекет әрбіреуінің 300 мың теңге мөлшеріндегі борышын өтеп береді. Яғни, жанұяның жалпы кредиті емес, отбасы мүшелерінің борышы жеке-жеке төленеді.
Қарыз қашан өтеледі
Кредит бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтардың борышын өтеу жұмысы 10 шілдеден кейін басталуы мүмкін.
"Біз қазір проблемалық кредиттердің облигацияларын шығару жұмысын бастап жатырмыз. Парламенттен өткеннен кейін, бұл жұмысты 10 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, бірден қарызды өтей бастаймыз. Барлық жұмыс алдағы екі айда аяқталады деген ойдамыз", - деді Смайылов.
sputniknews.kz