Қырымбек Көшербаев қос басылымның мерейтойымен құттықтады
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады, –.
«Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің ұжымдарына
Құрметті газет редакцияларының ұжымы!
Сіздерді облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің жарық көргеніне 90 жыл толған торқалы тойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Алты Алаштың анасы саналған Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп келе жатқан қос басылымның тарихы тереңде жатыр. Аталған ата басылымдар Қызылорда жүртшылығына ғана емес, еліміздегі көзі қарақты оқырман қауымға етене таныс. Қос газет ғасырға жуық уақытта аймақтың жарқын жетістіктері мен жасампаз істерін тасқа басып, өлкенің жылнамасын жасауға еңбек сіңіріп келеді.
Байырғы басылымдар өскелең ұрпаққа өнеге көрсетер тәрбие құралы және жас дарынды қанаттандыратын шығармашылық шеберхана
ретінде де ерекшеленеді. Осының арқасында қасиетті құтхана ұлт зиялыларының бірнеше буынының тұлға болып қалыптасуына игі ықпалын тигізді.
Облыс өмірінен жан-жақты ақпарат беріп отырған «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің редакция ұжымдары алдыңғы буын салып кеткен кәсіби сара жолды абыроймен жалғастырып, талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, сапалы дүниелерімен сусындатып келе жатқаны қуанышты жайт.
Қызылорда облысының қос басылымында қажырлы қызмет еткен ардагерлер мен бүгінгі жас буынды және газеттер оқырмандарын айтулы 90 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, баршаңызға еңбекте табыс, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ