Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰРАЖАЙ – ҒАСЫРЛАР ШЕЖІРЕСІ

МҰРАЖАЙ – ҒАСЫРЛАР ШЕЖІРЕСІ


Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен тағлымын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткен тарихын халық арасында, кейінгі ұрпаққа таратуда мұражайлардың маңызы зор. Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Бірнеше дәуірдің тарихын, этнография­сын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар, ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отыратын орын.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде көрсетілгендей, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді- мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Бұл ретте өлкетану жұмыстарын жүргізу бағытында мұражайдың өз міндеттері бар. Мұражай – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы, ел-жұрттың тағдыры екені баршамызға мәлім.
Қазақстанда мұражайлар тарихы 1830 жылдан бастау алады. 1889 жылы 20 маусымда Халықаралық «Музейлер ассоциациясы» құрылды. 1918 жылы Халықаралық «Музейлер бюросы» құрылып, «Музеон» журналы шықты. Бұл ЮНЕСКО-ның «Музеум» журналының шығуына негіз болды. 1946 жылы Луврда ЮНЕСКО-ның құрамына енген Халықаралық «Музейлер Кеңесі» құрылды. Музейлердің халықаралық кеңесіне (ІСОМ) 1948 жылы - 29, 1950 жылы - 43, 1977 жылы - 109, 1999 жылы 135 мемлекет мұражайлары мүше болған. 2002 жылы мамыр айынан бастап «Қазақстан музейлері» журналы шыға бастады. Негізінен елімізде мұражай қызметкерлері 1977 жылдан бастап өздерінің төл мерекесін тойлап келеді.
Жақында Халықаралық мұражайлар күніне орай аудандық тарихи-өлкетану мұражайында «Мұражайға сый!» акциясы аясында мерекелік шара болып өтті. Шараның негізгі мақсаты – қоғамның назарын мұражай ісіне арттыру. Қазіргі уақытта мұражай ісінде біраз ілгерілеушіліктер бар екенін көрсету, жастардың ата-баба мұрасына деген қызығушылығын аудару. Мұражайда «Ашық есік» күні жарияланып, келушілерге ақысыз негізде тақырыптық түрлі экскурсиялар жүргізіліп, мұражай саласына қызығушылар үшін түрлі бағдарламалар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Еңбек даңқы» залында ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Мәдениет саласының үздігі А.Бақтиярова және ауданның «Құрметті азаматы» Т.Айсин мен ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Ж.Маханбетке мұражай атынан гүл шоқтары табысталды. Сала ардагерлері де мұражайға өз сыйларын тарту етіп, аудандағы әр сала мамандарына зал экспозициясына танымдық экскурсия жүргізілді.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ
31 мамыр 2018 ж. 2 960 0