Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келіні жақсының – керегесі алтын

Келіні жақсының – керегесі алтын

Бүгін әлпештеп баққан қызың ертең біреудің ақ босағасын аттап, барған жерінің көсегесін көгертуі керек. Бойжеткен қыз баланы некелі өмірге дайындау, барған жерде кімге қалай құрмет көрсету, қалай жауап беру керек екенін құлағына сіңіру – әрбір ата-ананың парызы. Қазақ – қызды құрметтеу арқылы анасын ардақтап, ұлттық арына балауды дағдыға айналдырған халық.
Ақ босағаны аттаған келін үлкеннің күнделікті ақыл-кеңесін тыңдап, олардың өзіне деген риясыз көңілін сыйлап, көпті көрген көнекөз қарияларды, ата-енені құрмет тұтып отырса, әрбір жаңа түскен келіншек түбінде алтын келін атанары сөзсіз.
«Жердің құты – жаңбыр, елдің құты – азамат, ошақтың құты – жақсы әйел, аймақтың құты – әділ төре» деген тәмсіл бар. Қай заманда да салихалы ене мен ибалы келін сыйластығының керуені қазақ топырағында үзілген емес. Бұрындары ене деген құрметті бір лауазымдай болатын. Бір отбасында екі-үш келін бірге тұратын. «Абысын тату болса, ас көп». Әйелдер жағы тату болғандықтан, шаңырақта сүттей ұйыған келісім салтанат құратын. Талай отбасыларда мұндай жарасым әлі де жалғасуда. Осындайда мұрат біткеннің ұлысы – адамдар арасындағы жарастық екенін ұғасың.
Жаман әйел алғанның – жау үйінде,
Жақсы әйел алғанның – той үйінде, – дейді Шал ақын. Бұл да өмірде кездесетін жағдай. «Еңбекқор әйел – ерге сүйікті, елге – сүйкімді, жанұяға – сыйлы», деген екен көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов. «Өзім бақытты боламын» деп емес, келіп түскен кіші Отанын, отбасын бақытты етемін деген тәрбиелі, еңбекқор келіннен түбі керегесі алтын келін шығары анық.
Мен осы тақырыпты таңдағанда алтындай апаларым мен асыл жеңгелерімнің өмірде қалдырған ізгілікті іздері есіме оралды. Өткен ғасырдың 80-жылдары Бақытбек Мыханов ағамның асыл жары Сәрсенкүл Танкенова аудандық денсаулық сақтау саласын басқарды. Ері бір шаруашылықты басқаруға жіберілгенде, өзінің биік лауазымын тәрк етіп, ағамызбен бірге ауылға барды. Қатардағы дәрігер болды. Сәрсенкүл жеңгеміз бұл қарапайымдылығынан жапа шеккен жоқ. Керегесі алтын келін атанды. Бүгінде әулеттің анасы. Осы ретте ауданның Құрметті азаматтары Алмагүл Бақтиярова мен Ұлмекен Жанәлиеваның өмір жолдары бүгінгі келіндерге үлгі-өнеге екенін де атап өткен жөн.
Келін туралы сөз қозғаған соң ене тақырыбын да айналып өте алмаймыз. Ене – келіннің отбасындағы басты тәрбиешісі. «Қайныененің топырағынан...» деп қазекең білмей айтпайды ғой. Ақ босағаны адал ниетпен аттаған келініне келсап сияқты қарамай, туған перзентіндей мейірімін салу – ене үшін үлкен міндетке жатады. Ал жас келінге үй шаруасын жүргізуге орынды талап қойып, оның жалқаулық қамытын киіп алмауын қадағалай білуі – ене үшін де негізгі жауапкершілік саналады. Ененің бар білгенін өмірден түйгенін келініне жалықпастан үйретуі де ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа апаратын ізгі әрекет.


Т.Ақылбекова, көп балалы ана:
– Алты ұлымды аяқтандырып, алты келін түсірдім, бір қызымды ұзаттым. Бүгінде әрқайсысы бір-бір үй болып отыр. Кенжемнің қолында тұрамын. «Кісі есігі тоң есік, жібітерге ер керек» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, әр келін – әр үйдің басынан құс ұшырмай әлпештеген баласы. Оларды өз балаңдай көрсең ғана тоң жібіп, отбасында жарастық ұялайды. Ұлдарымның барлығы жоғары білімді, келіндерімнің бәрі тәрбиелі, бүгінде олардан жиырма шақты немере сүйіп отырмын. Мұның барлығы Құдай берген жарастықтың арқасы.

П.Жолдасова, кент тұрғыны:
– «Келін – қайын ененің топырағынан» деген тәмсіл бар қазақта. Ақ босағаны аттап, ененің тәрбиесін көрген келін отбасындағы бас­ты тәрбиешіге ұқсайтыны анық. Өзімізде келін болдық, қазір салихалы енеміз. Екінші анамыздан үйренгенімізді келініміздің бойына сіңіргендейміз. Келіннің жақсы болмағы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Шүкір, келінім жақсы. Үйге де, түзге де үлгіреді. Баласы бағулы, оты жағулы, тамағы асулы. Отбасының жарастығынан артық өмірде бақыт жоқ.
«Келіні жақсының – керегесі алтын» деген осы. Өйткені шаңырақтың беріктігі, отбасындағы ынтымақ, бардың бағасын білу, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, бәрі-бәрі келіндердің бойындағы жақсы қасиеттермен астасып жатады.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

19 қараша 2019 ж. 1 640 0