Түйінді мәселе бірлікпен шешіледі
Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту бағытында атқарылған жұмыстар бүгінде өз нәтижесін беруде. Кеңес құрамындағы туралықты ту еткен сыйлы, беделді азаматтар қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласып, өз ұсыныстарын ашық айта алатын деңгейге жетті. Осы ретте, бүгін облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Ерұлан Өмірсеріковтің және аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен көшпелі кездесу өтті.
«Асыл Мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәжіліс залында өткен кездесуде облыстық маңыздағы қоғамдық кеңестерді құрудың тәртібі, қызметі, өкілеттілігі, мониторнг жұмыстары барысында басшылыққа алынатын Заңдарға енген өзгерістер тақырып арқауы болды. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Ерұлан Өмірсеріков қоғамдық кеңес бастамасы бойынша өткізілетін қоғамдық тыңдаулар жөнінде ой қозғап, бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде дайындалған «Қоғамдық кеңес қызметінің тиімділігін арттыру» тақырыбындағы әдістемелік-құралды таныстырды. Сонымен бірге, кеңес мүшелерін белсенді болуға, облыс азаматтарының тиімділігі үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылау жасауға шақырды.
Кездесуде аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ұ.Жанәлиева мен Теерңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев қоғамдық кеңестер негізі Сырдария ауданында қалыптасқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар ауданда жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Кездесуге қатысушылар түйінді мәселелер бірлікпен ғана шешілетініне назар аударып, бірлесе еңбек етуге уағдаласты.
А.Ибрагимұлы