КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ҚЫЗМЕТІ ЖЫЛДАМ ТЕРМИНАЛ ОРНАТЫЛДЫ
Салық – халық қазынасы. Ауданға түсетін кірісті есептеп, табыстың тайқазанын толтыруға жұмыс жасайтын саланың бірі – Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы. Осы басқарманың құрылғанына биылғы 14 тамызда бес жыл толады. Әрине оның бастауы әріде жатыр. 1991 жылғы 9 шілдеде ҚР Президенті Жарлығымен Мемлекеттік Салық қызметі болып құрылып, сол атаумен 2014 жылға дейін жұмыс жасады. Ал сол жылдың 14 тамызында ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Салық және кедендік бақылау комитеттері біріктіріліп, Мемлекеттік кірістер комитеті болып қайта ұйымдастырылды. Осындай ауқымды органдар бір комитет астына бірігіп қызмет жасағаннан кейін жұмыс көбейіп, талап жоғарылады. Қай мемлекетті алмайық олар экономикалық әлеуетінің функциясына осы кіріс пен салық жатады. Демек мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғам өмірінің айрықша тоғысатын жері – салық органы.
Мемлекеттік кіріс саласының төл мерекесіне орай біздің тілшіміз Сырдария ауданы бо¬йынша кірістер басқармасының басшысы Н.Нұрсейітовпен сұқбаттасқан болатын.
– Нұрлан Сайлауұлы, алдымен басқарма жұмысының тынысы, бес жылғы жетістіктер туралы әңгімелесеңіз?
– Қазір Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 3 бөлім, барлығы 11 мемлекеттік қызметкер күнделікті жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып келеді.
Облыс көлемінде 2019 жылдың 1 жарты¬жылдық қортындысымен 2 аудан дара кәсіп-керлерді тіркетуден жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Әрине оның бірі біздің аудан. Ол бойынша 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында дара кәсіпкер саны 1974-ті құрап, жыл басынан бері 260 жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелді.
Әр жылға тоқталатын болсақ, мысалы 2015 жылы бюджетімізге 3 893 668,7 мың теңге түсіп, ал 2019 жылдың болжамы 4 714 734,0 мың теңге болса, биыл 1 шілдеде 2 436 625,6 мың теңгесі түсіріліп, яғни жылдық болжам 51,6 пайызға орындалды. Жылдан жылға аудан бюджеті 3 млрд-тан 4 млрд-қа өскені байқалады немесе 33 пайызға үлғайды.
Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін жете білгендіктен жұмысымызды жүйелілік бар. Атап айтатын болсақ, ағымдағы жылдың І жартыжылдығында кедендік төлемдер мен салықтар бойынша жоспар 219,1 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 100,2 пайызға, жергілікті бюджетке 230,8 пайызға орындалды. Мұның өзі аудандық мемлекеттік кірістер органының нәтижелі жұмысына шынайы баға екені анық.
– Кірістің басты критерийі кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Ауылдық жерлерде мал бағу, оны сату, балық аулап сату, құрылыс жұмыстарын жүргізу, маусымдық егін егу мен бау-бақша өнімдерін сатумен қатар, жеке меншігіндегі ауылшаруашылық және арнаулы техникаларын жалға беру кәсіпкерлік түрлері кеңінен таралған. Қайтарымсыз субсидия, несие алып, салыққа жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп 01.01.2015 жыл бойынша жеке кәсіпкерлер саны 1 434 болса, ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне дара кәсіпкерлердің саны 1974 құрады, немесе 137,6 пайызға өскен.
Аудан көлемінде Мемлекеттік кірістер басқармасына жолаушы және жүк тасымалымен айналысумен тіркелгендер бойынша бүгінгі күнге 14 жеке тұлға жүк тасымалымен, 35 тұлға жолаушы тасымалы (автобус, газель), 83 тұлға такси қызметін көрсетуші ретінде тіркелген. Оның ішінде жыл басынан бері жолаушы тасымалы бойынша 4 жеке тұлға (газель, автобус), 16 жеке тұлға (такси) жолаушы қызметімен тіркелген.
Салық мәдениетін көтеру және кәсіпкерлердің сауаттылығын жетілдіру мақсатында Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, жергілікті өзін өзі басқару органдары мен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.
Аудан көлеміндегі барлық 13 ауылдық округке салық төлеушілер терминалын орнатып, дер кезінде жаңарту, практикалық көмектер көрсету жұмыстары жүргізілді. Бұл салық есептілігін тапсыратын кәсіпкерлер үшін тиімді әрі жылдам жүргізілетін қызмет.
Сонымен қатар, «Казпошта» АҚ-нің қызметі барлық ауылдық округтерде қамтамасыз етілген. Салық төлеушіге өзіне керек ақпарат пен қызметті алуына барлық жағдай жасалуы керек.
– Салық базасын ұлғайту бойынша қандай шаралар алынып отыр?
– Аудандық кәсіпкерлік палатасымен біріге отырып дара кәсіпкерлерге салық заңдылықтарына енген өзгерістер туралы және табысын жасырып көлеңкелі экономикаға жол бермеу қажеттігі жөнінде тұрақты түрде семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер жүргізу жолға қойылған.
Бюджет кемуінің орнын толтыру үшін біздің тарапымыздан атқарылуға тиісті аса маңызды жұмыстың бір бағыты- ол камералдық бақылау.
Салық базасын ұлғайту, қосымша кіріс көздерін іздестіру бойынша жұмыстарды жүргізу және жандандыру үшін жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде 2015 жылы салық төлеушілерге хабарламалар қалыптастырылу жұмыстары нәтижесінде 11 446,7 мың теңге ақшалай бюджетке түсім түсірілсе, 2019 жыл басынан бері салық төлеушіге камералдық бақылау арқылы хабарламалар, хабарлаулар және хаттар жолданылып, нәтижесінде қосымша салық есептілігі тапсырылып, 12 043,1 мың теңге ақшалай бюджетке түсім түсірілді.
Біз осындай жетістіктерге аудан экономикасының өсуінің және салықтық әкімшілендіруді жақсартудың, қосымша резервтерді табудың арқасында жеттік.
Сонымен қатар, салық заңнамасын түсіндіру, салықтық әкімшілендіру, камералдық бақылау және салық төлеушілердің сауаттылығын арттыру, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар негізінде бекітілген болжамның артығымен орындалуына елеулі ықпалын тигізді. Біздің жетістігіміз аудан экономикасының айнасы.
Сұқбаттасқан
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ