Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық саны азаяды

Салық саны азаяды

Бұған дейін өзгеріске ұшыраған заң жаңалықтарын оқырманға ұсынған болатынбыз. Өзгеріс орын алған заңдар қатарында Салық кодексі бар. Жақында Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.

Салық кодексі салықтық әкім­­­шілендіруді жаппай жеңіл­детуді көздейді. Атап айт­қанда, салық есептілігінің кө­лемі 30 пайызға қысқарады, салық­тардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өз­геріс­тер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бас­тап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.

Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшер­лемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қыз­меттерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді. Бұл көрсеткіш 2026 жылдан – 5 па­йыз, 2027 жылдан – 10 пайыз деңгейінде болады.

Салықтардың саны да азай­ған. Атап айтар болсақ, бірыңғай жер салығы қысқартылады, жеке төлемақылар бойынша мөлшер­лемелер мен алымдардың са­ны кемітіледі. Сондай-ақ ар­нау­­­лы салық режимдері оң­тайлан­дырылған. Енді олар үш жағ­дайда қолда­нылады: өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.

Және жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.

Салықтық әкімшілендіру тә­сілдері айтарлықтай өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаң­тарынан бастап күшіне енеді.

«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден

29 шілде 2025 ж. 243 0