Берекелі еңбек, тұрақты даму: агроөндіріс – аудан экономикасының тірегі
Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Бұл – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Сыр салысымен, «сары алтынымен», ауыл шаруашылығы өнімдерімен республика көлемінде белгілі өңіріміз үшін саланың маңызы айтарлықтай жоғары. Қараша айының үшінші жексенбісі – сала мамандарының төл мерекесі.«Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына елі ырысты, жері күрішті Сыр өңірі диқандарының елеулі үлес қосып жүргені аян. Бұл ретте биылғы жылы Сырдария ауданы «Егін шаруашылығы саласы бойынша Озат аудан» атанып, шаруалардың еселі еңбегі еленгені белгілі.
– Бұл жетістік – аудан еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы – тұрақты даму жолында. Нақтырақ айтар болсақ, биыл ауданда 33145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 19950 гектар, жаздық бидай 2000 гектар, арпа 40 гектар, мақсары 600 гектар, күнбағыс 150 гектар, жаңа жоңышқа 2200 гектар, ескі жоңышқа 7400 гектар және картоп, көкөніс, бақша өнімдері 805 гектарды құрайды. Биылғы жылдың егісіне 6303 тонна күріш тұқымы себілген. Атап айтқанда, «Лидер», «Маршал», «Янтарь», «Каурис», «Яхонт», «Айсара» сорты бар. Шаруашылық құрылымдары жоңышқа дақылының 6455 гектарынан 20 010 тонна малазықтық шөп жинап, орта өнімі 31 центнерден келді. Биылғы егілген жаңа жоңышқадан 1100 тонна шөп жиналып, барлығы 21110 тонна малазықтық шөп жиналды. Егілген 2000 гектар бидайдан 1270 тонна, 40 гектар арпадан 2 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна және 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім алынды. Күзгі егін жинау науқанына 894 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысқан. Ауданда егілген негізгі дақыл – күріш ору, бастыру жұмысы қарқынды жүріп, күріш дақылының 19950 гектары орылып, 121 695 тонна астық жиналған. Орта өнім әр гектарына 61 центнерден келіп, диқандар мерейін үстем етті. Сырдың елі, жырдың елі, ақ күріштің отауы атанған Сыр өңірінде молшылық мерекесі осылай жалғасын тапты. Айта кетейік, облыстың күрішшілері биылғы жылы 470 мың тоннаға жуық Сыр маржанын жинап, оның әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алды. Сыр маржанын төкпей-шашпай жинап алуда диқандар қауымы ауызбірлікпен жұмыла еңбек етіп, қамбаны дәнге толтырды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт.
Мемлекеттен берілетін қолдаудың арқасында тұтастай өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Қазіргі таңда ауданда 129 шаруашылық құрылымы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде, 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды 988 бас мүйізді ірі қара, 4749 бас қой малы бар. Сондай-ақ 2024 жылы «Кеңдала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы, «Сырдария-1», «Ауыл» кредиттік серіктестіктері арқылы 48 шаруашылық құрылымдары егін және мал шаруашылығын дамытуға 248,7 млн теңге несие алды. Мал шаруашылығын дамытуға «Агробизнес», «Іскер» бағдарламасы бойынша 19 шаруашылық құрылымдары 187,6 млн теңгеге 30 бас асыл тұқымды бұқа, 128 бас сиыр, 255 бас жылқы сатып алды. Бүгінде аудан бойынша мал шаруашылығы бойынша жұмыстар қарқынды деуге негіз бар. Соның негізінде аудан тұрғындарын табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге жағдай жасалған.
Сонымен қатар техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдық беріп келеді. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінгі күні жалпы 30 дана ауыл шаруашылығы техникасы статистика бөліміне тіркелген. Мысалы, күзгі егін жинау науқанына барлығы 998 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Сондай-ақ су үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымдарындағы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3500 гектар жерге тегістеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы айтқанда жыл сайын аудан еңбеккерлері жаңа техникаларға қол жеткізіп, бұл өз кезегінде жұмыстың жүйелі жүруіне ықпал етуде.
Ауыл шаруашылығы саласы туралы сөз қозғағанда жер басты тақырыптың бірі екені рас.
– Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Өйткені, ол – азық-түліктің негізгі өндірушісі. Бұл сала өзінің маңыздылығы мен ерекшелігі бойынша экономиканың бірегей секторы болып табылады. Біздің ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, бұл саладағы жұмыстарды қарқындатудың маңызы зор. Шаруалардың маңдай тері мен еңбеккерлердің елеулі жұмысының арқасында ауданымыз аймақ көлемінде ұдайы үздіктер қатарынан көрініп келеді. «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, ауыл шаруашылығы саласы құнарлы жермен тығыз байланысты. Жер – халықтың қазынасы. Бірнеше жылдан бері жұмыссыз жастарға қолдау ретінде жаңадан жер ашылып, егін егумен айналысуға жағдай жасалуда. Жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтерде жер ашылып, жастар бригадалары құрылды. Жастар бригадасының саны жыл сайын артып келеді. Бұл – өте жақсы бастама, – дейді бөлімнің сектор меңгерушісі Бағлан Мейрамбекұлы.
Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы екені белгілі. Ал нағыз қайнаған еңбек, тірлік – ауылда, ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жетеді. Бұл орайда бірқатар еңбек адамы мереке қарсаңында лайықты марапатқа қол жеткізгенін атап өту орынды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ











