Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері
Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Бұл – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Сыр салысымен, «сары алтынымен», ауылшаруашылығы өнімдерімен республика көлемінде белгілі өңіріміз үшін саланың маңызы айтарлықтай жоғары. Қараша айының үшінші жексенбісі – сала мамандарының төл мерекесі. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейітпен сұхбат құрдық.
– Қанат Айтмағанбетұлы, біздің Сыр елі аграрлы аймақ болғандықтан, сіздердің қызметтеріңіздің мәні мен маңызы зор. Ең алдымен егін шаруашылығы саласына тоқталып өтсек...
– Мемлекеттен берілетін қолдаудың арқасында тұтастай өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Облыс көлемінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,8 пайызға артса, қайта өңдеу өнімдерінің көлемі мен ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестицияда да өсім бар. Ал аудан бойынша айтып өтетін болсақ, биыл ауданда жалпы 34273 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 21872 гектары – Сыр салысы. Сонымен қатар, жаздық бидай 2368 гектар, арпа 40 гектар, мақсары 391 гектар, күнбағыс 40 гектар, тары 4 гектар, жаңа жоңышқа 1996 гектар, ескі жоңышқа 6760 гектар, картоп, көкөніс бақша барлығы – 802 гектарды құрап отыр. Биылғы жылдың егісіне 6062 тонна күріш тұқымы себілді. Аудан бойынша 21872 гектар күріш дақылынан 60,0 центнерден өнім алынып, барлығы 131 232 тонна астық жиналды. Сонымен қоса жоңышқа, малазықтық шөп, бидай, арпа, көкөніс, картоп, бақша дақылдарын атап өтуге болады. Күзгі егін жинау науқанына барлығы 989 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты.
– Шаруалардың ерен еңбегінің нәтижесінде жылдағыдай ауданымыз үздіктер қатарында көш бастады. Жақында өткен дүбірлі «Алтын күз» мерекесі, дала еңбеккерлерінің думаны – осының бір көрінісі. Ендігі кезекте мал шаруашылығы бойынша айтып өтсеңіз...
– Қазіргі таңда ауданда 128 шаруашылық құрылымдары мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде, 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 4749 бас қой малы бар. Сондай-ақ 2024 жылы «Кеңдала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы, «Сырдария-1», «Ауыл» кредиттік серіктестіктері арқылы 21 шаруашылық құрылымдары егін және мал шаруашылығын дамытуға 178,6 млн теңге несие алды. Мал шаруашылығын дамытуға «Агробизнес», «Іскер» бағдарламасы бойынша 18 шаруашылық құрылымдары 160,6 млн теңгеге 40 бас асыл тұқымды бұқа, 106 бас сиыр, 240 бас жылқы сатып алды. Бүгінде аудан бойынша мал шаруашылығы бойынша жұмыстар қарқынды деуге негіз бар. Соның негізінде аудан тұрғындарын табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге жағдай жасалған.
– «Ауыл аманаты» жобасы туралы не айтасыз?
– «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік ұсынды. Бағдарламаның оң нәтижесі көз алдымызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасының «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беруге» 1 млрд қаржы бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микрокредиттердің сенім білдірілген өкілі ретінде «Байқоныр» ӘКК АҚ-ы анықталды. Корпорация 12 тамыздан бастап «Аmanatnesie.kz» сайты арқылы несие алушылардан құжаттарды қабылдауды жүргізуде. Жоба аясында аудан бойынша 18 жоба өтінім тапсырған. Аталған бағдарлама бойынша несие комитетінің шешіміне сәйкес 8 жобаға несие мақұлданды. Қазіргі таңда бағдарлама аясында Бесарық ауылында сәтті жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Аудан бойынша ауыл шаруашылығы техникалары қолжетімді ме?
– Техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар шетелдік заманауи, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдылық беріп келеді. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгінгі күні жалпы 39 дана ауыл шаруашылығы техникасы статистика бөліміне тіркелген. Мысалы, күзгі егін жинау науқанына барлығы 989 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Күзгі егін жинау жұмыстарына қажетті 1939 тонна дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Жібек жолы ЛТД» ЖШС-гі шаруашылық құрылымдарына жеткізілді. Сондай-ақ су үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымдарындағы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы атқарылған айтулы жұмыстардың нәтижесінде облыста өткен «Алтын күз» мерекесінде аймақ басшысы жыл қорытындысымен Сырдария ауданын «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен марапаттады.
– Балық шаруашылығы саласы бойынша не айтасыз?
– Сырдария ауданы бойынша 31 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бар. 2020 жылы Қызылорда облысында 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленіп, аудан бойынша 11 су айдындары енгізілді. Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына енгізілген 11 тауарлы балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдыны және 2 тоған шаруашылығы бар. Белгіленген аймақта және белгіленген уақытта балық аулауға рұқсат етіледі.
– Көпшілік арасында бүгінде «азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақсыз» деген пікір кездеседі. Осы тақырып төңірегінде айтып өтсеңіз.
– Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасына арнайы құрылған жұмысшы топ үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Кәсіпкерлерге өндіруші немесе көтерме бағаға қойылатын үстемақыны 15 пайыздан асырмау қажеттігі, үстемақы асқан жағдайда айыппұл салынатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе хат пен жадынама таратылады. Ауданда азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұру әркез назардан тыс қалмайды. Осы ретте, «Байқоңыр» АҚ-мен бірлесе отырып, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда азық-түлік төмендетілген бағамен ұсынылады. Негізінен, бағаның көтерілуінің себебі облыс орталығы жақын болғандықтан аудан кәсіпкерлері көтерме сауда орындары азық-түлік өнімдеріне 10-15 пайыз қосып сатылуына байланысты қымбаттап отырғандығын жеткізуде. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялар жұмысының бекітілген алгоритмінің аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы саласы туралы сөз қозғағанда жер басты тақырыптардың бірі екені рас. Осы бағытта айтып өтсеңіз.
– Иә, «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, ауыл шаруашылығы саласы құнарлы жермен тығыз байланысты. Бірнеше жылдан бері жұмыссыз жастарға қолдау ретінде жаңадан жер ашылып, егін егумен айналысуға жағдай жасалуда. Жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтерде жер ашылып, жастар бригадалары құрылды. Жастар бригадасының саны жыл сайын артып келеді. Бұл – өте жақсы бастама.
– Жалпы ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының басты бағыттарының бірі. Осы ретте сала мамандарына артылар жүк те, жауапкершілік те жеңіл емес.
– Дұрыс айтасыз, ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Өйткені, ол – азық-түліктің негізгі өндірушісі. Бұл сала өзінің маңыздылығы мен ерекшелігі бойынша экономиканың бірегей секторы болып табылады. Біздің ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, бұл саладағы жұмыстарды қарқындатудың маңызы зор. Шаруалардың маңдай тері мен еңбеккерлердің елеулі жұмысының арқасында ауданымыз аймақ көлемінде ұдайы үздіктер қатарынан көрініп келеді. Жоспарлы жұмыстар жалғасын таба береді. Кәсіпкерлік саласынан көрсетіліп жатқан қолдауларды кеңінен пайдалану бағытындағы жұмыстар да жалғасын табатын болады. Аудандық газет ұжымы әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Сіздердің жұмыстарыңызға да жеміс тілейміз. Әріптестерімді атаулы күн, кәсіби мерекемен құттықтаймын!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ