Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік сатып алу – өзгеріс жолындағы жаңа серпін

Мемлекеттік сатып алу – өзгеріс жолындағы жаңа серпін

Аудандық мәдениет үйінде «Мемлекеттік сатып алу заңдылығына енгізілген өзгерістер» атты семинар-кеңес өтті. Іс-шараға аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов, Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Алтынай Қуандыққызы және Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Сәдір Ержанұлы, аудан, ауыл мекемелерінде қызмет атқаратын есепшілер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесті аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов ашып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңы мен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттеліп, бүгінгі таңда оны ұйымдастыру және өткізу рәсімдеріне бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Осы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы мамандар келіп, тың ақпаратпен бөлісті.

Алғашқы сөз кезегін Қызылорда облы­сының мемлекеттік сатып алу басқарма­сы басшысының орынбасары Алтынай Қуандыққызы алып, қолданыстағы мемле­кеттік сатып алу заңдылықтарына енгізілген өзгерістер және мемлекеттік сатып алудың бірқатар өзекті мәселелері туралы айтты.

– Жалпы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер биылғы жылдың шілде айының 31-не енгізілген болатын. Ең алдымен «жылдық жоспарды бекіту» яғни қағиданың 15-тармағына тоқталсақ. Қаржыландыру көзі республикалық және жергілікті бюджеттен тұратын болса, тапсырыс беруші тиісті бюджет комиссиясы және мәслихаттың шешімін веб-порталға орналастырады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңына толықтырулар енгізілді. Онда ашық конкурс, біркөзден сатып алу тәсілдерінде айрықша өзгерістер болған. Сонымен қатар электронды дүкен арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне де қосымша өзгерістер енгізілген болатын, – деді Алтынай Қуандыққызы.


Одан кейін ақпараттандыруды әрі қарай Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Сәдір Ержанұлы жалғастырды. Семинар-кеңеске қатысушыларға, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде заң­бұзушылықтар орын алған жағдайда әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, айып­пұл салынатынын ескертті. Мем­лекеттің бекіткен талаптарын қатаң сақтау керектігін атап өтті.


Іс-шара соңында мамандар қатыс­у­шылармен пікір алмасып, қызметкерлер көкейінде жүрген сауалға мардымды жауап ала алды.

Г.ТАБЫНБАЙ


27 қыркүйек 2025 ж. 204 0