Сайлауалды бағдарламаның орындалуы қатаң бақылауда

Жиынның күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды.
– Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы жұмыс істейді. Бүгін сіздермен жылдық жоспарға сәйкес бас қосып отырмыз. Партиялық бақылау комиссиясы отырысының күн тәртібі сіздерге алдын-ала жолданды. Аудандық партия филиалы тарапынан хатпен де ұсынылды. Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралады. Бірінші мәселе «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы 2025 жылға арналған кәсіпкерлік саласына қатысты индикаторлардың орындалу барысына арналады. Екінші мәселеде Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдық округі әкімдерінің сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуы бойынша есебін тыңдаймыз. Сондай-ақ аудандық білім бөліміне қарасты «Қызғалдақ» балабақшасына байланысты республикалық телеарнада көрсетілген резонанстық жағдай мен оның шешілу жолдары мәселесі де талқыланады, – деді «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы, Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ержан Әжікенов.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов баяндама жасады. Күн тәртібіндегі екінші мәселеде Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Бесарық ауылдық округі әкімдерінің сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуы бойынша есебі тыңдалды. Тиісті ұсыныс-пікірлер айтылып, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін көрсеткіштерді жақсарту керектігін атап өтті. Күн тәртібіндегі үшінді мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып баяндама жасады.
Барлық мәселелер қаралып, баяндамашылар тыңдалғаннан кейін Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері күн тәртібіне шығарылған мәселелердің барлығы маңызды екенін айтып, сайлауалды бағдарламаның орындалуы, сайлаушыларға берген уәделердің жүзеге асуы бақылауда болатынын жеткізді. Хаттамалық шешім тиісті бөлім, мекеме басшыларына, ауыл әкімдеріне басшылыққа алу үшін жолданды.
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы