Үшінші бағыт: Асыраушы саланың дамуы – ел экономикасына тікелей әсер етеді

Бірнеше жыл қатарынан ел үкіметі аграрлық салада реформа жүргізіп, шаруаларды қолдауға қомақты қаржы бөліп келеді. Жалпы Мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керектігін алға тартты. Осы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірқатар жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. Яғни алдағы уақытта ірі жобалардың арқасында халықты жұмыспен қамту мәселесі жоспар бойынша шешіле бастайды. Аграрлық саланың тілін білетін мамандарды дайындау қажеттілігі қашанда мемлекет алдындағы басты мақсаттың бірі болып табылады. Өндірісті цифрландыру арқылы жұмысты оңтайландыру – аймақтардағы нәтижелі қызметтің көрінісі. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, өндіріске инвестор тарту бойынша тиісті жұмыс атқарылғаны жөн.
Қазіргі уақытта жергілікті шаруалар мал шаруашылығына айрықша ден қойып, ет өндірісін жандандыруға көңіл бөлуде. Ішкі нарықты толықтай етпен қамтамасыз ете отырып, экспорт көлемін арттыру – күн тәртібінен түспейді. Жолдауда аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиістігі айтылды.
Өз кезегінде ел Президенті еліміздің басты байлығы – жер мәселесін назардан тыс қалдырмады.
«Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс. Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет» – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудан туындайтын жерге қатысты мәселенің барлығы шешімін табу керектігін тілге тиек етті.
Жасанды интеллектіні пайдалып, ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерге спутникпен мониторинг жүргізу арқылы құнарлығына, дәнді-дақыл шығымына толықтай бақылау жасалады. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылыми зерттеулер осы бағыттағы қызметтің сапалы жүргізілуіне жағдай жасайды. Алдағы уақытта жер ресурстарына байланысты цифрлық карта енгізіледі. Бұл бір жағынан тиімді. Ветеринария мен фитопатология, орман шаруашылығы саласына серпінді жобалар ұйымдастыру мақсаты тұр. Алдағы уақытта үкімет пен тиісті министрлік аппараты Жолдаудан туындайтын мәселелерге айрықша мән береді деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Коллажды жасаған А.НҰР