1 қаңтардан бастап не өзгерді, қандай заңдар күшіне енді?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 7 пайызға, яғни, 3450 теңгеден 3692 теңгеге өсті. Осыған байланысты әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджетке төленетін салық, айыппұл мөлшері де артып отыр. Сонымен бірге бірқатар заң жобасы күшіне енді, деп жазады Egemen.kz.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін қаржылық көрсеткіштердің жаңа мөлшері бекітілген.
Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері былтырғы бағадан 7 пайызға артты. Яғни, биыл АЕК 3692 теңгені құрайды. Осыған байланысты мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақылар, көпбалалы отбасыға берілетін көмек мөлшері көбейеді.
Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс мөлшеріндегі базалық көрсеткіш - 40 567 теңгеден - 43 407 теңгеге артты. Осы негіз бойынша мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалатын төлем ұлғайды.
1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) сомасы - 70 000 теңгені құрайды.
Бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері: бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 38 АЕК-ке көтеріледі. Бұл 2023 жылы 131 100 теңге болса, 1 қаңтардан бастап 140 296 теңге болды. Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК жәрдемақы беріледі. 2023 жылы бұл сома 217 350 теңге болса, жаңа жылдан бастап 232 596 теңге болады.
2024 жылдан бастап алғаш рет ұлттық қорға инвестициялық табыстан түскен 50 пайыз қаржы еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылады. Бастама «Ұлттық қор - балаларға» жобасы аясында жүзеге асады. 1 қаңтардан бастап балаға ақша түсіп отыру үшін ата-ана істеу керек әрекеттерді мына жерден біле аласыз.
2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталды. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі.
Базалық зейнетақы мөлшерінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңгеге, зейнетақы - 57 853 теңгеге көтеріледі.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасында «жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға арттыруды ескере отырып көзделгені белгіленсін», деп көрсетілген.
2024 жылдың қаңтарынан шәкіртақы да артады. Жауапты мекеме пайыздық мөлшер 2024 жылы мынадай ақша жиынтығын белгіледі:
- бакалавриат – 47 135 теңге (педагогикалық бағытта – 75 600 теңге);
- магистратура – 107 061 теңге;
- докторантура – 240 000 теңге.
Биыл балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру көзделген. Ол үшін бюджеттен 96 миллиард теңге бөлінген. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ.
Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің де жалақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл үрдіс 2025 жылға дейін жалғасады.
1 қаңтардан бастап су саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбірек аударылады. Былтыр құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі осы бағытта тиісті шараларды қолға алған.
Осы жылы жаңа тұрғын үй бағдарламасы «9-20-25» іске қосылады. Бағдарлама бойынша жыл сайын 8 мың отбасыны баспанамен қамту жоспарланған. Бағдарлама негізінде үй беруде жастарға басымдық берілмек.
Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Жобаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінеді.
Бұл жылы Қазақстанда автокөліктерді сақтандыру құны өзгерді. Енді автокөлікті сақтандыру бағасы өңірге қарай бекітіледі. Компаниялар жылына бір мәрте сақтандыру құнын түзетіп отыруға құқылы.
Көліктің жылдамдығын сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК құрайды. 2023 жылы 17250 теңге болса, келесі жылы 18460 теңге болады.
Білім беру саласында оқудың екінші жартысында біршама өзгерістер болатыны айтылған. Оқу-ағарту министрлігі биыл мектеп бағдарламаларын жаңартуды жоспарлап отыр. Министрлік жалпы білім беретін пәндер мен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерін таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Осылайша, жаңа типтік оқыту бағдарламалары қабылданбақ.
Сонымен бірге, елімізде газбен жүретін көліктерге арнайы белгілер орнату туралы міндеттеме күшіне енді. 1 қаңтардан бастап Қазақстанда газ баллон жабдығы бар көліктерге арнайы белгі орнату қажет. Белгі қара жиегі және «GAS» жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш болады.
Бұл стандарт міндетті болып табылады, өйткені ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген және жол қозғалысы ережелерінде анықтама ретінде көрсетілген.
Фото: «Egemen Qazaqstan»