Сыр өңірі – үздік үштікте
Жыл басынан бері негізгі даму индикаторлары бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келген Қызылорда облысы 9 айдың қорытындысымен де үздіктер қатарына тұрақтады. Қаңтар-қыркүйек айларында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өсім қалыптасты. Бұл туралы Премьер-министр Ә.Смайловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.
Атап айтқанда, аймақтағы өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 пайызға, тұрғын үй көлемі 18,9 пайызға, сауда көлемі 4,1 пайызға, көлік және қоймалау көлемі 7,2 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 25,6 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар мөлшері 34,6 пайызға өсті. Осылайша, Қызылорда облысы 9 айдың қорытындысымен республика өңірлері арасында алғашқы үштіктен көрінді. Үкіметтің 9 ай қорытындысына арналған отырысында аймақтың даму қарқыны туралы ерекше атап өтілді.
Облыс бюджетінің көлемі 2022 жылы 387 млрд теңге болса, қазір 609 млрд теңгеге жетіпті. Бюджеттің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталғанын да айта кетуіміз керек. Мұнай қорының сарқылуына байланысты өнеркәсіп өндірісінің көлемі көп жылдан бері орындалмай келген еді. Биыл осы көрсеткіштің өсімі басқа өнеркәсіп өндірісін дамыту арқылы қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2021 жылы 309 млрд теңгені құраса, 2022 жылы 413 млрд теңгеге өсіп, биыл 472 млрд теңгеге жеткізілмек. Оның 72 пайызы немесе 231 млрд теңгесі – жеке инвестициялар.
«Әлеуметтік сала нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Облыстың дарынды балаларына арналған 300 орындық жатақханасы бар физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы басталды. Жергілікті бюджет есебінен 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, облыс орталығындағы 4 мектепке бастауыш сыныптар оқитын қосымша ғимараттар салынды. Бастауыш мектептер біріншіден, балалардың қатынауына жақын әрі ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражатын бірнеше есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Өңірде құны 36,4 млрд теңгені құрайтын 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Оған қоса 2,7 млрд теңгеге Қан орталығының құрылысы басталып, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан құрылысы жүруде» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері облыста бірқатар спорттық, әлеуметтік-мәдени нысан бой көтерді. Құны 18 млрд теңге болатын 7 мың орынға арналған Орталық стадион құрылысы да жақын күндері басталмақ. Жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу да жоспарланған. Ал аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынады деп күтілуде. Құрылысына 3,7 млрд теңге қаржы қаралған Өнер орталығы жыл аяғына дейін ел игілігіне пайдалануға берілсе, Отбасы орталығы өз қызметін бастады.
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден