Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге қанша төлейтінін айтты

Министр қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге қанша төлейтінін айтты

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Тарифті инвестицияларға айырбастау" бағдарламасын іске асыру аясында коммуналдық қызметтердің тарифі орта есеппен қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, 2023 жылдың екінші тоқсанында министрлік биыл 1 шілдеден бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекіткен.

"Нәтижесінде тұтынушылар мен кәсіпорындар мүддесінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% құрайды. Бұл ретте халықтың осал топтары коммуналдық төлемдер үшін шығындардың бір бөлігіне өтемақы беру есебінен әкімдіктердің коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі көмегіне сене алады", - деп мәлімдеді Қуантыров үкімет отырысында.

Ол жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестиция тарту басым тәртіппен жүзеге асырылатынын атап өтті. Жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-тен асады, оның ішінде 24 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 112 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар.

"Биыл желілердің тозуы 58%-тен 55%-ке дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деп жоспарланып отыр. Екі бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1 620 теңгеге немесе 20%-ке артады", - деді министр.

Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-тен асады. Соның ішінде 16 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға осы жылы 92 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар.

"Биыл желілердің тозуы 64%-тен 62%-ке дейін төмендейді деп күтілуде. Орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды", деді ұлттық экономика министрі.

Ал сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Аталған салаға осы жылы 29,5 млрд теңге инвестицияланады.

Министрдің айтуынша, биыл желілердің тозуы 63%-тен 58%-ке дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 8 кәсіпорын шығады деп жоспарлануда. Орташа квитанция 200 теңгеге немесе 25%-ке өседі.

Су бұру саласында 26 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде 23 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Бұл салаға 2023 жылы 15,3 млрд теңге инвестицияланады.

Нәтижесінде желілердің тозуы 74%-тен 71%-ке дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 3 кәсіпорын шығады. Екі бөлмелі пәтер үшін орташа есеп 220 теңгеге немесе 30%-ке ұлғаяды.

"Осылайша, барлық коммуналдық қызмет бойынша орташа есептің ұлғаюы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды", - деді Қуантыров.

Фото: ашық дереккөзден
12 шілде 2023 ж. 218 0