Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Коммуналдық қызмет құны көтеріледі

Коммуналдық қызмет құны көтеріледі

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдар­ламасында желілердің тозуын кемінде 15 пайызға төмендету қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Қа­зіргі таңда республика бойынша көптеген инже­нер­лік желілердің тозығы жеткен. Кей қалаларда со­ның салдарынан апатты жағдайлар орын алып, кей аумақтарда қауіп күшейе түскен.

Иә, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бағаналар мен инженерлік желілерді жаңарту керек. Бұның бә­рі қыруар қаржыға келіп тірелетіні және бар. Ауыртпашылық тағы да қарапайым халықтың қалтасына тү­седі. Жаңа жылдың екінші жартысынан бастап коммуналдық қызмет тарифтері қымбаттайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенат отырысында айтты.

«Біз желілердің тозу көрсеткішін шамамен 15-20 пайызға төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ» деп төтесінен тартты министр.

Мемлекет коммуналдық қызмет та­риф­терін көтеруге мәжбүр. Атал­ған мәселе төңірегіндегі арнайы бағ­дарлама жеті жылға есептелген. Яғни, күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтеп отырған коммуналдық қызмет құны осы уақыт аралығында кезеңі­мен қымбаттап отырады. «Ке­ле­сі жылы бір бөлігі өседі. Бәлкім, 20 немесе 30 пайызға, жалпы республика бойын­ша емес. Әрбір қаладағы нысандар мен желілердің жағдайына қарай есептеледі» дейді бұл мәселе төңірегінде сөз қозғаған ведомства басшысы.

Әзірге коммуналдық қызмет та­­риф­­­тері айтарлықтай қымбат­тама­ған. Десек те, жыл бойына жылу, су, кәріз жүйесі, электр энергиясы біртіндеп қымбаттамақ. Бұл жылдың екінші жартысына жоспарлануда. Ин­женерлік инфрақұрылымдардың шек­­­тен тыс тозуын қалыпқа келті­ру үшін халыққа салмақ салудан бас­қа амал да жоқ. Десек те, са­рап­­­шылардың айтуынша, тариф ба­ға­­­­сының өзгеруіне әсер ететін фак­­тор­­лар ішінде реттелетіні де, рет­тел­­­мейтіндері де бар.

Бүгінгі таңда елдегі инженерлік инфрақұрылымдардың жайы сын кө­термейтіні ақиқат. Нақтылай айт­сақ, елдегі 37 жылу энергетика­лық орталығының 19-ы өте қиын жағ­дайда. 19 станса тозу деңгейі бо­­йынша «қызыл» аймақта тұр. Қал­ған 11-і «сары», 7-еуі «жасыл» ай­мақта. «Жасыл» аймақтағы жағ­дай тұрақты дегенді білдірсе, «сары» және «қызыл» аймақтағы инфра­­­құ­рылымдар туралы мәселені күн тәртібіне шығармаса болмайды. Жы­лу энергетикалық орталығының то­зу деңгейі төрт критерий бойынша есептеледі. Олар: құрылғылардың то­зуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі және жа­лақының төмендігіне байланысты кадр тапшылығы. Әсіресе, Қызыл­ор­да, Тараз, Степногор, Орал және Кентаудағы орталықтардың тозу дең­гейі шектен шығып, 80 пайыздан асып тұр. Жалпылай айтсақ, ЖЭО-лардың орташа жұмыс істеу мерзімі 61 жылды құрайды. Ал стансалардың 76 пайыздан астамы 50 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Бұл дегеніңіз қауіптің басым екенін айғақтай түседі.

Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі елдегі жылу желілерін жаңартып шығу үшін 2,2 трлн теңге қажет екенін айтады. Бұл жұмыстардың толық атқарылуы әзір­ге алдағы 14 жылға жоспарланып отыр. Яғни, 2023 жылдан бастап 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асатын болады. Сондай-ақ министр та­рифтерді көтеру мәселесі әр өңір­де жеке қаралып, әлеуметтік мәселе жұртшылықпен талқыланатын жет­кіз­ді.
А.Мұханбетқали
10 қаңтар 2023 ж. 246 0