Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржыңызды қай валютада сақтайсыз?

Қаржыңызды қай валютада сақтайсыз?

Қазіргі уақытта «ақшаны қайда салған тиімді» деген сұраққа жауап іздеген Ұлттық банк Қазақстанда инвестициялау үшін қолданысқа көптеп енген қаржы құралдарының 2022 жылғы номиналды кірістілігін талдады, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық банк ұсынған мәліметтерде қаржы құралдары әртүрлі валютада (теңгеде, АҚШ долларында және еуро мен Ресей рублінде), алтында және қолма-қол валютада сақталған банк депозиттері түрінде салыстырылғаны айтылады. Талдау аясында салымшы 2022 жылдың басында жыл басындағы ағымдағы бағам/баға белгілеу бойынша, одан кейін жыл соңындағы бағам/баға белгілеу бойынша теңгеге айырбастау арқылы Қазақстан нарығындағы түрлі құралдарға 10 000 теңге көлемінде қаражат салды деп болжанды. Салыстыру үшін ай сайынғы капиталдандырумен 12 айлық тарту мерзімі бар жинақ депозиттер қаралды. Теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары кірістілік 2022 жылғы желтоқсанда 13,9%-ға дейін жетті (1 жылдан басталатын мерзімі бар жинақ депозиттер бойынша), шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1% болды.

Талданатын кезеңнің басында және соңында теңгенің АҚШ долларына, еуроға, Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамы мен 1 грамм алтынның теңгемен құны 1-кестенің төменгі бөлігінде берілген. Қазақстанның акциялар нарығы кірістілігінің прокси көрсеткіші ретінде КАЅЕ мен AIX индекстері пайдаланылды. Салыстыру үшін S&P 500 индексінің кірісі де қарастырылды.

Сыйақының жоғары мөлшерлемелеріне байланысты теңгелік жинақ депозиті 13,9% көлемінде мол табыс әкелді (бұл ретте 2022 жылғы 23 ақпанда тіркелген депозит сақталған кездегі 10%-дық мемлекеттік сыйлықақыны ескеріп, жинақ салымының кірістілігі 24,1%-ды құрауы мүмкін еді).

Ауқымды кіріс пен теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы өзгеруін ескере отырып, ақшаны долларлық салымдарға орналастыру 7,9%-дық кіріс әкелді. Бұл деректер бағамдық өзгерістерге байланысты – 2022 жылы теңге АҚШ долларына қатысты 431,67-ден 460,98-ге дейін әлсіреді.

Рубльдегі салымдар 12,6%-дық кіріс берді. Бұл теңгедегі жинақ депозитінің кірістілігінен 1,1 есе аз. 2022 жылы импорттың айтарлықтай қысқаруымен қоса, РФ-да енгізілген капитал қозғалысын бақылау шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағасы аясында, рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы едәуір нығаюына байланысты теңге Ресей рубліне қатысты 5,77-ден 6,43-ге дейін әлсіреді.

Номиналды кірістілік деңгейі бойынша қолма-қол Ресей рубліндегі және АҚШ долларындағы жинақтар тұр, олардың кірістілігі, тиісінше, бағамдық өзгерістер есебінен 11,4% және 7,1% болар еді.

Алтынға салынған инвестицияның әлеуетті қайтарымы 7,2% болды. Бағалы металдың бағасы нарықтағы құбылмалылыққа әсер еткен геосаяси және экономикалық оқиғаларға байланысты тұрақты активтерге жоғары нарықтық сұраныс жағдайында 2022 жылы 1 грамм үшін 24 970,91 теңгеден 26 757,56 теңгеге дейін өсті.

ҚР ЕДБ ең жоғары мөлшерлемені және бағамдық өзгерісті ескере отырып, депозитте салымдарды еуромен сақтау 2,1% деңгейінде, теңгенің еуроға қатысты 487,79-дан 492,86-ға дейін әлсіреуі салдарынан қолма-қол еуромен сақтау 1,0% кіріс әкелді.

Жалпы, мамандардың біразы қаражатты сақтауда мултивалюталық себет ашу қажет десе, енді бірі долларды ығыстыру үшін теңгелік депозиттердің көлемін арттыру қажет десті. Бұл ретте қаржыгерлер мынадай кеңестер ұсынады:

А) Ақшаны қай валютада және қандай мөлшерде сақтау керек екенін түсіну үшін соңғы үш жылдағы валюта бағамының қалай өзгергенін зерттеп отыру керек.

Ә) Өкінішке қарай, капиталды қолма-қол ақша ретінде сақтау инфляциядан құтқармайды, сондықтан жиған ақшаңыз қалай сақтасаңыз да жыл сайын шамамен 5 пайызға құнсызданып отырады. Бұл ішкі нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты болғандықтан бұдан қорықпау керек.

Б) Қаржыны сақтауда ең бастысы - банкті дұрыс таңдап алу. Ақшаңызды рейтингісі жоғары банктерде ұстаңыз да үнемі рейтингтерінің өзгеруін бақылап отырыңыз.

В) Биржада отырған он сарапшының тек қана біреуінің болжамы іске асады. Олай болса сіздің қолыңызда тек қана өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенуіңіз ғана қалады. Сондықтан сіздерге ұсынарым – ақшаларыңызды: 30-30-40 қағидасымен сақтаған жөн. Бұл дегеніңіз жиған қаржыңыздың 30 пайызы доллар; 30 пайызы евро немесе юань; қалған 40 пайызын теңге түрінде сақтағаныңыз дұрыс. Теңгеге басымдық беру себебім – ұлттық валютамыз ретінде ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі туындайтындықтан, заңдылық бойынша осылай ету маңызды. Жиған тергеніңіздің 40 пайызы міндетті түрде ұлттық валютада болуы тиіс. Себебі қандайда бір жағдай туса Үкімет ұлттық валютада жиған қаржыңызды қайтарып беруге кепілдік бере алады. Ал бұл сенімділікті арттыра түсетін тәсіл.
01 мамыр 2023 ж. 138 0