Теңгеңізді тиімді пайдаланасыз ба?
Қаржыгерлер еңбекақыңыздың 10 пайызын депозитке салуға кеңес береді. Шет мемлекеттерде бала өмірге келісімен оның атынан есепшот ашып, ақша жинайды. Ұрпағымен қатар өскен сома кәмелет жасқа толғанша қомақты қаржыға айналады. Кейін ата-ана шоттағы ақшаны баланың үй алуына, басқа да қажеттіліктеріне жұмсайды. Ал бізде ше? Бұл үрдіс бар ма өзі? Баласы оқу бітіргенде бәйек болатын қазақтың ақшаға келгенде үнемсіздігі үнемі байқалып қалып жатады. Сіз ақшаны қаншалықты тиімді пайдаланасыз?
Бүгінде тапқан табысының бір бөлігін депозитке жинау ел азаматтарының қажетті ісіне айналды. Қазіргі қоғамда ақшаның басын біріктірудің бірден бір амалы осы болып отыр. Айлығын үнемдеп жұмсап, артық қаражатын банкте сақтағандардың алды жеке баспанасына жетіп те үлгерді. Ал олай істеудің орайын таппағандар қатарынан қалып келеді. Себебі көпшілік банкті тек несие беретін орталық есебінде қарастырады. Тіпті, ауыл жұрты әлі де істің мәнісіне бойлар емес. Депозиттік пайыздық мөлшерлеме, мемлекет беретін сыйақы, қай валютада жинаған тиімді екенін білмейтіндер де бар. Бүгінгі біздің әңгімеміз солар жайында болмақ.
Салымшы ретінде тіркелген күннің өзінде қаржыны қай валютада жинаған тиімді деген сұрақ туындары заңды. Осы сауал аясында экономист Диас Бабаш бізбен пікір алмасқан болатын. Маманның айтуынша, қаражатты қазіргі кезде ұлттық валютада жинаған тиімді.
– Мен бұл сұрақтарға бұрындары да жауап бергенмін. Қазіргі күрделі кезеңде доллар бағасы бір ізге түспей тұр. Бұл жағдайда долларды сатып алған тиімсіз. Жылдық мөлшерлеме де азайған, 1 пайыз, ал ұлттық валютада 12 пайыз, – дейді экономист.
Мәселен, екі салымшы бар делік, екеуінің де жалақысы 100 мың теңге. Олар 2015 жылдан бастап 2020 жылдың маусымына дейін ай сайын депозитке бірдей сомада ақша салып тұрады. Бірақ бірі теңгемен, екіншісі доллармен жинайды. Ақшасын теңгемен сақтаған салымшы ай сайын 20 мың теңгесін депозитке салып отырса, 5 жыл 6 айда 1 млн 320 мың теңге жинайды. Оған 12 пайыз жылдық мөлшерлеме қосылса, қорытынды сомма 1 миллион 500 мың теңге болады. Өз кезегінде депозитін доллармен ашқан салымшы ай сайын 20 мың теңгесін долларға айырбастап, депозитке салып отырса, 5 жыл 6 айда (жылдық мөлшерлеме 3 пайыз болса да) шамамен әр жылғы доллар бағамын есептегенде 5800 доллар жинақтайды екен. Ақшаға айналдырғанда қазіргі доллар бағамыммен 2 млн-нан астам теңге. Демек, ақшасын доллармен сақтаған салымшы ұтылған жоқ. Оның салымы теңгемен сақтаған адамнан жарты млн теңгеге жоғары. Осы жерде «Онда не себепті ақшаны теңгемен сақтау керек?» деген сұрақ туындайды. Мамандар қазіргі доллардың құбылмалы уақытында Ұлттық валютада ақша жинаған тиімдірек дейді.
Шынымен де, әлемдегі төтенше жағдайға байланысты доллар бағамы да тұрақсыз. Сондықтан ең тиімдісі 50 де 50 қылып бөліп, екі валютада сақтаған пайдалы ма деген ойда қаласыз.
Депозит ашу мен ашпауды әркімнің өз еншісіне қалдырамыз. Десе де, алдына мақсат қойып, салымшы ретінде тіркеліп, қаражат жинағандардың пікіріне де назар аударсақ. Мысалы, Айжан Оралбекова студент кезінен бастап жеке баспанасы болса деп армандаған. Оқудан бөлек, қосымша жұмыс істеген. Өзінің «Dastur show» атты кәсібін ашқан.
– Үй аламын деген ниетпен ақша жинайын деп шештім. Содан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен басқа банктердің депозиттік пайыздық мөлшерлемесін салыстырдым. Өзіме керек плюстары мен минустарын ескердім. Банк мамандарымен кеңесе келе, Kaspi bank-тен депозиттік есепшот ашып, ақша сала бастадым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі маған тиімсіз болды. Өйткені оны үзбей 3 жыл бойы, ай сайын толықтырып отырсаң ғана банк тарапынан беретін 50 пайыз 4,5 пайыздық үстемемен беріледі екен. Менің қолымда жинаған азын-аулақ ақша болғандықтан, депозиттік есепшот аштым. Сөйтіп қолымдағы барын салдым да ай сайын тапқанымды жинап отырдым. Шамамен 3 жылдың ішінде 1 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім, – дейді Айжан.
Ал жұмыс істеп, тапқан жалақысы шашылмасын деген Асқар Алиев алғашқы айлығынан бастап депозитке салып отырған. Ол интернет банкингтің көмегі көп тигенін айтады.
– Ай сайынғы шығыннан бөлек айлықтан қалған ақшаны теңгемен жинадым. Қысылған уақытта қаражат барына сенімділік пайда болды. Одан бөлек, жаңалықтардан бағамдар мен депозиттік пайыз туралы қарап, оқып отырдым. Доллар бағамы тұрақсыз болып, бағасы түскен кезде доллар сатып алуға тырыстым. Сол кезде өзіме екінші есепшот аштым. Ол доллар валютасында болды. Долларды арзан бағаға сатып алсаң, белгілі бір уақытта доллар бағамы өскен уақытта тиімді, – деген ол өзінің есепшотындағы қаржыны интернет банкинг арқылы бақылап отырған. Депозитіндегі салым мөлшері өскені оны қуантқанымен, шетелдегі банктердің құлдырауы көңіліне күдік ұялатқан. Осы сәтте ол:
– Шынымен де депозитте есепшот ашып, жинаған тиімді ме деген сауал маза бермей қойды. Өйткені депозит – біріншіден өзіңе көмек болса, екіншіден, банкке көмек. Әрине шоттағы ақша әрдайым өзіңдікі екені сөзсіз. Оны кез келген уақытта шығарып, қажетіңе жұмсай аласың. Десе де, ол тиімсіздікке әкеліп соғады. Жинаған бонустарыңнан айырылып қаласың. Ойлана келе, қомақты соманы депозитте жинақтау тиімсіз деген ұйғарымға келдім. Қомақты қаржыны еліміздің сенімді банктерінің бірінде ұяшық ашып, сақтаған жөн. Банк банкрот болған жағдайда ақшаңды уайымдамайсың. Қаражатың қауіпсіз сақталған деген сенімділік қалыптасады, – дейді Асқар.
Әңгіме барысында банк банкрот болған жағдайда жиналған қаражаттың күйі не болады деген сауал туындады. Оған банк қызметкерлері былайша жауап берді.
– Барлық депозиттер Депозиттерді сақтандыру қорында сақталады. Әрбір банктегі депозиттер сонда сақ
талады. Ұлттық валютада 10 млн теңгеге дейін, долларда 5 млн-ға дейін. Мысалы, біздің банкте сіздің 5,8 млн теңге ақшаңыз депозитте болса, банк банкрот болған күннің өзінде сол ақшаңызды қор қайтарып береді. Сондықтан сіздің есепшотыңызда 5 млн-нан артық ақша болса, басқа банктерге салған дұрыс болады. Сонда ақшаңыздың ертеңгі тағдырына алаңдамайсыз, – дейді «Forte bank» бас менеджері Санжар Өнербаев.
Қаржылық жұмысыңыздың реттелуінен хабардар болатын қарапайым және сенімді тәсілі бар. Банктің сайтына кіріп, депозиттік калькуляторды табыңыз, сізді қызықтырған жинақ мерзімі мен барлық сомаларды есептеп көріңіз. Калькуляторлар әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қағида біреу – сіздің «кейінгі» және «дейінгі» соманы көріп, табысыңызды салыстыруға мүмкіндігіңіз бар.
Банкті таңдап, келісімге отырғаннан кейін де өз таңдауыңызды жасауға себеп болған, сайтта жазылған барлық ақпараттың келісімшарттағымен бірдей екендігіне тағы да көз жеткізіңіз. Кез келген адамның қателесуі мүмкін. Сайтта ескірген немесе бұрмаланған ақпараттың болуы әбден мүмкін. Қандай жағдай болсын, мәселе сіздің ақшаңызға қатысты болса өзіңізден басқа ешкімге сенім артпаңыз. Себебі бұл – сіздің мүддеңіз үшін.
Иә, әлемдегі аласапыран адамды әртүрлі күйге итермелеуде. Теңгенің құлдырауы елдің денін есеңгіретті. Десе де алда әлі тұрақтылықтың болатыны шүбәсіз. Тек сіз ақшаны тиімді жұмсаудың тәсілін табыңыз. Қай валюта болсын, қаржыны депозитке салу – бүгінгі заманда ең ұтымды жол. Сол жол арқылы мақсаттарыңызға жете аласыз.
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»