Министр сырбойылық шаруалармен кездесті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевпен бірге Сырдария ауданына келді. Меймандарды аудан әкімі Берік Сәрменбаев күтіп алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді таныстырды.
Облыс әкімі мен министр бастаған топ «Еңбек» аллеясын аралады. Аллеяны Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев таныстырып, республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылынан көптеген еңбек майталмандары шыққанын, бұл аллея сол еңбек адамдарына құрмет ретінде салынғанын айтты.
– Мемлекет басшысы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс» деп айтқан болатын. Яғни, еңбектенген, бейнеттенген адам әркез құрметке бөленеді. Осыған байланысты ауыл орталығындағы біраз уақыттан бері бос тұрған 2 гектар аумаққа еңбекшілерге арнап аллея, яғни демалыс орнын салуды жөн көрдік. Бұл аллея 2022 жылдың күз айында пайдалануға берілді. «Абзал және К» толық серіктестігінің есебінен 355 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл демалыс орнының негізгі құрылыс жұмыстарымен мердігер компания «Фортуна-Строй кз» айналысты. Сондай-ақ «Мағжан және К» ЖШС-нің қызметкерлері де атсалысты. Мұнда әуелден ата кәсіп болған Сырдың басты дақылы стелла ретінде қойылды. Сол арқылы барлық нәрсе еңбекпен келетіні, ауыл тынысы егінге байланысты екені аңғаруға болады. Демалыс орнының төргі жағында дана ақын Абай Құнанбайұлының, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбекке, еңбек адамына қатысты айтқан сөздері арнайы жазылып қойылды, – деді Абзал Жұмашұлы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев «Еңбек» аллеясында атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады. Сонымен қатар жергілікті азаматтардың туған жерге тағзым ретінде осындай игілікті істерге атсалысқанын құптайтынын жеткізіп, шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев негізінен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ведомство басшысына Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
– Соңғы жылдары орын алған су тапшылығына қарамастан Сыр диқандары Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егіннен мол өнім алып, салада өсім динамикасы қалыптасты. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі өткен жылдың қорытындысымен 6,3 пайызға артты. Былтыр ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,9 млрд теңге инвестиция салынып, 2021 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артса, биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 есе өсті. Өткен жылы саланы субсидиялауға 11,9 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 млрд теңге қаралды. Сыр диқандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлауда. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 83,9 мың гектар көлемінде межеленген, – деді аймақ басшысы.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу барысында министр Ербол Қарашөкеев биылғы субсидиялау ережелерімен таныстырып, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін талқыға салды. Жиынға облыстың ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, қала және аудан әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатыстып, өз сұрақтарын қойды. «Абзал және К» ТС бас агрономы А.Әлиакбаров, «Ақжарма және К» ЖШС бас агрономы Ғ.Ізтілеуов, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Н.Іздібаев, «Сейтжанов», ШҚ төрағасы Ш.Сейтжанов, «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы Р.Нұржанова және «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Бекжанов ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сыр өңіріне сапары барысында Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы көркейту көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын көріп, республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарға дайындық мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, облыстағы жалпы егіс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 7,0 мың гектарға, оның ішінде күріш көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша көлемін 222 гектарға ұлғайту көзделуде.
– Вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі нақтыланатын болады. Су тапшылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін соңғы 2 жылда облыста күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар көлемі 17,1 мың гектарға ұлғайтылды. 1,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы егін егілсе, биыл 667 гектарға қолданылатын болады. 2030 жылға дейін оның көлемін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Биыл Украина ғалымдарымен тәжірибе ретінде демонстрациялық алқапқа әртараптандыру бағытындағы дақылдарды егу қолға алынды. Қазір көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқаны кестеге сай жүруде. Өңір диқандары тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармаймен толық қамтылған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ