Аймақ басшысы Нағи Ілясов ауылында болды
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданына келді. Бірқатар әлеуметтік, шаруашылық нысандардың жұмысын саралап, ауыл азаматтарымен жүздесті.
Алдымен өңір басшысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында болды. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен бірге ауыл ішіндегі жаңадан салынып жатқан “Еңбекшілер аллеясын" көрді.
2250 халқы бар ауылда «Нұрлы жол» және «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламалары аясында 126,3 млн.теңгеге ауылдық округінің кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 39,7 млн.теңгеге көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Сондай-ақ, 525,9 млн.теңге қаражатқа 11 көше қайта жаңғырды.
Ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосқан «Абзал және К» ТС-і жеке қаражаты есебінен ауылды абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 797,2 млн.теңге қаржы бөлген. Айталық, 384 млн.теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн.теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан көтерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген.
Аймақ басшысы ауыл халқының тұрмыс сапасын көтеру басым бағыт екенін айтып, ауылда жүзеге асып жатқан жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет екенін алға тартты.
- Әрбір жоба халықтың игілігіне арнап жасалады. Оның шарапатын сол ауылдың тұрғындары сезінгендіктен, әрбір іс сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек. Туған жерді, ауылды бірге көркейтуге тиіспіз. Ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешсек, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартамыз,– деді облыс әкімі.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі