Еңбек адамына құрметтің ерекше үлгісі
Жақында аудан әкімі М.Ергешбаевпен бірге Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» серіктестігінің егінге орақ салу рәсіміне қатысқан болатынбыз. Сонда ауыл ақсақалдарымен, егіншілермен кездесудің сәті түсіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігі, даму белестері жөнінде әңгіме өрбіткен едік. Кездесу барысында ауыл орталығынан «Егіншілер аллеясының» салынуын ауыл халқының жақсылыққа балап, жүйелі жұмысты жоғары бағалап жатқанын аңғардық.
Жалпы, Нағи Ілиясов ауылы – республикадағы үздік елді мекен. Үздік ауылдағы үлгілі істерді біз бұған дейін де аудандық газетте бірнеше рет жариялап, кеңінен насихаттаған болатынбыз. Ал бұл жолы еліміздің бірде-бір өңірінде жоқ жаңа аллея туралы жазуды жөн көрдік. Әрине, аллея құрылысы біткен соң да жазуға болар еді. Бірақ іргелі ауылдағы көз сүйсініп, көңіл марқайтар ілкімді іске деген халықтың ықылас-ниеті қолға қалам алуымызға түрткі болды. Мәселен, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Төребек Жұмабекұлы жаңа аллеяны еңбек адамына құрметтің ерекше үлгісі деп қабылдайтынын айтты.
– Халқымызда «Еңбек – әлемнің әміршісі» деген даналық сөз бар. Бәрі де еңбекпен келеді, еңбектенген адамға бақыт басын иеді. Бір қызығы, еңбек адамына арналған ескерткіш еліміздің ешбір аймағында жоқ екен. Осыны ескерген шаруашылық жақсы істі қолға алып, демеушілік аясында жаңа аллея салып жатыр. Жақында аллея жұмысымен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы танысып, көріп кетті. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін аллея болашақта ауылдың ажарын ашатын орталық болмақ. Ең бастысы, бұл – адал еңбекті ту еткен қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетудің нағыз үлгісі, – дейді Төребек Жұмабекұлы.
Қадірлі қарияның сөзін ауылшаруашылық саласының ардагері Кенжебек Анафияев қуаттай түсті.
– Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында еңбек адамына құрмет көрсету, оларды көпшілікке үлгі ету жөнінде жақсы айтылды. Президент «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп ерекше атап өтті. Негізі қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару аса маңызды. Сондай-ақ өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Ең бастысы, адал еңбек екенін жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Ауылдағы аллея осындай жұмыстардың бастамасы болады деп сенемін, – дейді Кенжебек Анафияев.
Мақаланы жазу барысында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен телефон арқылы пікірлестік. Жерлестер мақтанышына айналған жанашыр азамат аллеяның құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын жеткізіп, жұмыс толық біткенде ауыл орталығының сәніне сән қосылатынын ерекше тебіреніспен жеткізді.
Ауылды жан-жақты түлетуге, көркейтуге ерекше еңбек сіңіріп, қолдау білдіріп келе жатқан «Абзал және К» толық серіктестігі мен «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін айтып өтуіміз қажет. Лайым, үздік ауылда үлгілі істер көп болып, елді мекеннің кескін-келбеті көріктене берсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ