Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелдік инвесторлармен кездесті

Шетелдік инвесторлармен кездесті

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Жетікөл-жері» ЖШС-ның жұмыстарымен танысу мақсатында шетелдік инвесторлармен кездесті.

Кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев, «Восток» бизнес-тобының қаржы директоры С.Бражко, «Аграрлық инновациялар институтының» директоры В.Дудченко, «Солтүстік-шығыс ауыл шаруашылығы инс­титутының» директоры В.Кабанец, институттың «Селекция және тұқым шаруашылығы зертханасының» мең­герушісі В.Кабанец, «Жетікөл-жері» ЖШС-ның құрыл­тайшысы Б.Шаймов және ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен мамандары, жеке кәсіпкерлер мен ша­руашылық құрылымдарының төрағалары қатысты.

Кездесу жиынын ашқан аудан әкімі Жетікөл ауылының жері құнарлы екенін, көп жылдан бері егістік егілмегенін айтты. 

– Бүгін ауданға іссапармен Украина елінің ауыл ша­руашылығы саласының ғылыми мамандары жергілікті аг­рарлық сала өкілдерімен тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келіп отыр. Егін егу, дәнді дақыл дайындау технологиясын жетік меңгерген білікті ғалымдар заманауи үлгідегі технологияларды саралап айтып береді. Негі­зінен, Жетікөл ауылындағы «Жетікөл-жері» ЖШС-ның директоры Владимир Дудченко болса, оған Бермағамбет Шаймов инвесторлық етеді. Егіншілік саласын әртараптандыру бойынша Жетікөл ауылынан 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 2000 гектар (бау-бақша үшін) жер телімі берілген. Осы жерде шетелдік мамандар тәжірибе жүргізіп, ауыл шаруашылығы дақыл­дарынан мол өнім алуды жүзеге асырады. Аграр­лық саланы әртараптандыру мәселесі күн тәртібен түспейді. Дәнді-дақылды жерге орналастыру, өсіру, өндеу бойынша жүргізілетін ауқымды жұмыстар ғылыми білім мен қажырлы еңбекті қажет етеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу үшін ғылыми тәжірибие алмасу өңір үшін қолайлы екені мәлім. Осындай ынтымақтастықтың аясында Жетікөлде егін егіліп, халықтың несібесі артатыны, тұрақты жұмыс болатыны қуантады. Біз шетелдік инвес­торлармен жұмыс жасауға әркез дайынбыз, – деді аудан басшысы М.Ергешбаев.

Кездесуде сөз алған шетелдік ғалымдар ауыл шаруа­шылығы саласындағы ғылыми тәжірибелерімен бөлісіп, «Су шаруашылығы мен мелиорацияны дамытуды ғылыми қамтамасыз ету», «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің заманауи селекциясындағы дәнді дақылдар институтының негізгі жетістіктері және оларды өндіріске енгізу» та­қы­рыптары бойынша өз жоспарларымен бөлісті. Оған қоса «Солтүстік-шығыс ауыл шаруашылығы институтымен» ын­тымақтастық туралы ұсыныстарын жеткізді. Кездесуде слайд арқылы егістікті тамшылату әдісімен суару технологиясы көрсетілді. Онда күріш, жүгері, картоп секілді дақылдар шығымын арттыру жолдары қарастырылған.

Жалпы, бүгінгі таңда Жетікөл ауылынан 500 гектар жер егін егуге дайындалған. «Жыңғылдыкөл» және «Военторг» каналдары арқылы суарылатын егістік жерге кү­ріш, арпа, күнбағыс, соя, жүгері, күздік бидай егілмекші. Ол үшін 20 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– Сыр елінің шаруалары күріш егуге байланысты өт­кен жылдары бірқатар қиындыққа тап болды. Егілетін егін көлемі азайтылып, су тапшылығын болдырмау іс-ша­ралары жүргізілді. Алдағы уақытта шаруашылық құры­лымдарының басшыларымен кездесіп, егістікке су жібе­ру кетестесін бекітеміз. Талай жылдар бойы қажыр­лы еңбегімен танылған мамандардың тәжірибесіне сүйе­неміз. Сыр елінің басты дақылы – күрішпен бірге, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру нықтап қолға алынады. Жетікөл ауылында егін егуге ниетті шетелдік инвес­торлар мен ғалымдар тың жерлерді халық игілігі үшін пайдаланбақ. Дәнді дақыл, тыңайтқыштар, дизель отыны секілді егін егуге қажетті өнімдер шаруашылық құрылым­дарына қолжетімді бағада сатылуы үшін зерделеу жұмысы жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.     

Кездесуде аудан әкімі бұл жұмыстар ынты­мақ­тастық ая­сында іске асырылып, жергілікті халық жұмыс­пен қамты­латынын тілге тиек етті. Ал шаруашылық төрағалары ауыл шаруашылығы саласы бойынша мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 қаңтар 2023 ж. 219 0