Әлеуметтік жәрдемақы алу тәртібі өзгерді
Карантинге байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған болатын. Бастапқы айларда жәрдемақыға байланысты сұрақтар көп болды. елдегі карантин режимі ұзарған уақытта әлеуметтік жәрдемақыға өзгерістер енгізілді. Жәрдемақы нақты кімдерге тиесілі, біржолғы төлемді алу үшін қалай өтініш береміз осы секілді сан сауалдың жауабын білмекке аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Ернар Зұлқарнаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ернар Зұлқарнайұлы, сұхбатымызды әлеуметтік біржолғы төлемге енгізілген өзгерістер турасынан бастасақ...
– «Шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 16 шілдедегі №283 бұйрығы бар. Осы бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 2 тамыздағы №292 бұйрығымен 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеу тәртібі өзгерді. 2020 жылғы шілде және тамыз айларында енгізілген шектеу іс-шаралары кезеңінде кірістен толық айырылу жағдайында «Республикалық бюджеті туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 1,5 ең төмен жалақы мөлшерінде бір рет төлем тағайындалды.
– Наурыз-сәуір айларында халықтың басым көпшілігі аталған көмекті табысынан айырылмағанына қарамастан алып жатты. Ал бұл жолы 42500 теңгені қандай санаттағы азаматтар ала алады?
– Біржолғы төлемді жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, нысанасыз жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар алады.
– Біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті қалай беруге болады?
Осыған дейінгі берілген өтініштер секілді бұл жолы да «Электронды үкімет» веб-порталы, «Enbek.kz» telegram-bot-ы және 42500.enbek.kz aitu-bot порталдары арқылы беруге болады. Мұнымен қоса екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет ресурстары да арнайы жұмыс жасауда. Тұрғындар өзіне қолайлы платформада өтініш жасай алады. Айта керу керек, бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар үшін проактивті қызмет арқылы көрсетіледі. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш талап етілмейді. Өтініш берушіге біржолғы төлем тағайындауға келісім алу үшін ұялы байланыстың мобильді құралдары арқылы СМС хабарлама жіберіледі.
Айта кету керек, егер де шілде айында 42500 теңге әлеуметтік төлемді алуға өтініш бермеген азаматтар Қағиданың талаптарына сәйкес ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өтініш беруге толық құқылы.
– Тамыз айына тағайындалған біржолғы әлеуметтік көмектің жалпы мөлшері қандай?
– Бұйрыққа сәйкес, өтінім берушілер тамыз айында екі апта карантин үшін 21 250 теңге алады. Оған қайта өтініш берудің қажеті жоқ. Төлем автоматты түрде тағайындалады. Дегенмен белгілі жаңалықтар да бар. Құжатқа сәйкес, енді ақпараттық жүйе жеңілдіктерге құқығы жоқ азаматтардың санаттарынан түскен өтініштерді автоматты түрде қабылдамайды. Мәселен, карантиннің күшеюіне байланысты төлемді студенттер мен декреттегі аналар ала алмайды. Сонымен қатар ақысыз демалысқа жіберілген жұмыскерлердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды. Олардың деректерін жұмыс берушілер енгізуі керек. Өтінішті тек жұмыс беруші қайтыс болған жағдайда ғана тапсыру керек. Жұмыс берушінің қайтыс болу фактісі мемлекеттік органдардың акпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде анықталады. Егер бұрын жұмыс берушінің қайтыс болуына байланысты өзі өтінім беріп, төлем ала алмаса, шешімнің қайта қаралуына өтініш тастай алады.
– Осы кезеңге дейін ауданда қанша тұрғын біржолғы көмекке қол жеткізе алды және өтініштер әлі қаралу үстінде ме?
– Облыстық мемлекеттік корпорациясының 2020 жыл 12 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік корпорацияға барлығы – 8499 өтініш келіп түскен. Соның ішінде проактивті, яғни автоматты түрде – 1393 азаматқа жәрдемақы тағайындалған. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ешбір өтініш түскен жоқ. «Еnbek.kz» сайтымен – 3112 өтініш келді. Тамыз айына 21250 теңге бір реттік жәрдемақы бойынша 3994 өтініш түсті. Тағайындаудан бас тартылған – 269 өтініш. Жалпы есепті кезеңде 8230 азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалып, төленді.
– Өтініш беруші кез келген уақытта өз өтінішінен бас тартуға мүмкіндік қарастырылған ба?
– «Біржолғы төлем тағайындаудан бас тарту немесе біржолғы төлем тағайындау туралы» өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы шешімдерді қайта қарау үшін біржолғы төлем алу санатына жататындар аудандық штабтардың 8-қосымшасындағы қағидаларға сәйкес, нысан бойынша біржолғы төлем тағайындаудан бас тарту немесе біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы шешімді қайта қарау туралы өтініш береді. Аудандық штаб шешімді қайта қарауға өтініштерді биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдайды.
– Жалпы аудан бойынша жұмыссыз азаматтарға бұдан өзге қандай да бір көмек тағайындалды ма?
– Тұрғындардың жекелеген санатына азық-түлік пен тұрмыстық жиынтығы берілді. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз 796 азаматқа 4731,3 мың теңгені құрайтын жәрдемақы үлестірілді.
«Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығы мен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өз кезегінде халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету мақсатында екі айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде шілде айына бір рет – 5567 теңгені барлығы 3046 адамға төленді. Оның ішінде жекелеген санаттар бойынша: атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі 483 балаға – 2688,8 теңге, он алты жасқа дейінгі мүгедек 221 балаға – 1230,3 теңге, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедек 1302 балаға – 7248,3 теңге, мүгедек баланың күтімімен айналысатын 244 ата-анаға – 1358,3 теңге құрайтын бір реттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Мұнан өзге халықтың осал топтарына жергілікті еріктілер арқылы көптеген көмектер берілген. Арнайы азық-түлік себеті, дәрі-дәрмек және медициналық бетперделерді тұрмысы төмен отбасыларға жеткізіп отырды.
Сұхбаттасқан Майя ҚОЖАБАЙ