Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «42 500 теңге» әлеуметтік жәрдемақы алу тәртібі өзгерді

«42 500 теңге» әлеуметтік жәрдемақы алу тәртібі өзгерді

"Шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 16 шілдедегі № 283 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 2 тамыздағы №292 бұйрығымен 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеу тәртібі өзгерді.

2020 жылғы шілде және тамыз айларында енгізілген шектеу іс-шаралары кезеңінде кірістен толық айырылу жағдайында "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 1,5 ең төмен жалақы мөлшерінде бір рет тағайындалады.

Біржолғы төлем келесі санаттарға:

1) жалақы сақталмайтын демалыста жүрген жұмыскерлерге;
2) дара кәсіпкерлерге;
3) жеке практикамен айналысатын адамдарға;
4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларға;
5) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғаларға жүзеге асырылады.

Біржолғы төлем тағайындау туралы өтініш келесі тәсілдердің бірі арқылы жүзеге асырылады:

1) "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы;
2) Enbek.kz порталы арқылы;
3) telegram-bot-ы және 42500.enbek.kz aitu-bot порталы арқылы;
4) екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары;
5) бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар үшін проактивті қызмет арқылы көрсетіледі. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш талап етілмейді. Әлеуетті өтініш берушіге біржолғы төлем тағайындауға келісім алу үшін ұялы байланыстың мобильді құралдары арқылы СМС хабарлама жіберіледі.

Бұйрыққа сәйкес, өтінім берушілер тамыз айында екі апта карантин үшін 21 250 теңге алады – қайта өтініш берудің қажеті жоқ, төлем автоматты түрде тағайындалады.
Дегенмен, белгілі жаңалықтар да бар.Құжатқа сәйкес, енді ақпараттық жүйе жеңілдіктерге құқығы жоқ азаматтардың санаттарынан түскен өтініштерді автоматты түрде қабылдамайды. Мәселен, карантиннің күшеюіне байланысты төлемді студенттер мен декреттегі аналар ала алмайды.

Сонымен қатар, ақысыз демалысқа жіберілген жұмыскерлердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды – олардың деректерін жұмыс берушілер енгізуі керек. Өтінішті тек жұмыс беруші қайтыс болған жағдайда ғана тапсыру керек.  Жұмыс берушінің қайтыс болу фактісі мемлекеттік органдардың акпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде анықталады. Егер Сіз бұрын жұмыс берушінің қайтыс болуына байланысты өзіңіз өтінім беріп, төлем ала алмасаңыз, шешімнің қайта қаралуына өтініш тастай аласыз.

Айта кету керек, біржолғы төлем тағайындаудан бас тарту немесе біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы шешімдерді қайта қарау үшін біржолғы төлем алу санатына жататындар аудандық (қалалық) штабтарға осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біржолғы төлем тағайындаудан бас тарту/біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы шешімді қайта қарау туралы өтініш (бұдан әрі - шешімді қайта қарауға өтініш) береді.

Аудандық (қалалық) штабтар шешімді қайта қарауға өтініштерді 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қабылдайды.

Е.Зұлқарнаев, 
аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар
және азаматтық хал актілерін тіркеу
бөлімінің басшысының міндетін атқарушы
10 тамыз 2020 ж. 403 0