Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағаны нарық реттейді

Бағаны нарық реттейді

Осыдан бірнеше апта бұрын АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігі 104 мемлекеттің азық-түлікке қаражат жұмсау көлемі бойынша арнайы рейтинг жасаған. Қазақстан – 96-орынға жайғасып, табысымыздың 45 процентін тамаққа жұмсайтынымызды айтты. Бұл – әлем бойынша ең нашар көрсеткіштердің бірі. Мұның себебі неде? Дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз десек те, жалақымыз неге нан-пұлдан ауыспайды?
Сөз болған рейтингтің көшін АҚШ пен Сингапур және Ұлыбритания бастап тұр. Аталған елдердің халқы күнделікті азық-түлігіне жалақының 6-8 процентін ғана жұмсайды. Ал экономикалық одақтас деп жүрген Ресей мен Беларусь елі 28-32 процент ақшасын тоңазытқышты толтыруға бөледі. Бәлкім, бұл Американың өзін ұлықтау үшін әдейі шығарған көрсеткіші болар. Мүмкін біздің көрсеткішімізді төмендеткен шығар. Жоқ, бұл мәліметті елдің статистика комитеті де растайды, ол аз десеңіз өзімізде кем дегенде айына 2 рет дүкен мен базарға барып ішіп-жемге қажетімізді аламыз ғой. Ресейлік «Рейтинг» агенттігі де Еуропа елдерінің арасында дәл осындай тізім шығарған. Онда да біз көш соңында қалдық, ол кезде дас­тарханды толтыруға еліміздің азаматтары жалақысының 46 процентің жұмсайды делінген. Қысқасы, бұл рейтингтер біз табысымыздың тең жартысын қарын тойдыруға бөлетінімізді көрсетіп тұр. Ал сонда бұған дейінгі Ауылшаруашылық министрлерінің «Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етті», «Ең басты өнімдерді өзіміз өндіреміз» деп айтқаны қайда қалды? Халықтың басым бөлігі тек тамаққа жұмыс жасап жүр ме, сонда біз қашан өркендейміз? Енді осыған тоқталып көрсек. Бағаның өсу себебі 2019 жылдың қараша айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің мәліметінше, 1 жылда жалпы азық-түлік бағасы 10 процентке қымбаттағанын айтқан болатын. Салыстырайық, қарақұмық – 70, күріш – 31, ұн – 30, сиыр еті – 16 процентке қымбаттаған. Сиыр саны азайды ма, күріштің бітік өсуіне су жетпей қалды ма? Мәселе неде? Аталған азық-түліктің басым көпшілігі өзімізде өндіріледі емес пе? Даудың басы Еуразиялық экономикалық одақта екен. Қазақстан Ресей және Беларусьпен бір экономикалық кеңістікте болғаннан соң олардағы баға өсімі бізге де әсер еткен. Бұдан бөлек, биыл бидай аз өнім берген, сиыр тірі күйінде Өзбектанға көбірек сатылып кеткен.  Арадағы алыпсатардың көптігі, егінді ору жұмысының жоспарланбауы, өнімді дұрыс сақтамау, жеткізу жолдарының жүйеленбеуі – тауар бағасының қымбаттауына себеп болған факторлар осылай жалғаса береді. Қарапайым сөзбен айтқанда, соңғы жылдары 60 теңгеден сатылған бір бөлке нан бағасы бүгінде дүкен сөрелерінде 70 теңгеден сатылып жатыр. Бірнеше жыл бұрын 1200-1500 теңге тұратын сиыр етін қазір базардан 1700-1900 теңгеге аласыз. Жаз мезгілінде 120-150 теңгеге сатылатын қияр мен қызанақ бағасы қыста 1000-1200 теңгеге шарықтайды. Яғни процентке шақсақ 200-250 процентке қымбаттаған тауар түрлері жетерлік. Ал қазақстандықтардың жалақысы осынша есе көбейді ме? Оған жауапты өзіңіз білесіз.
Қысқасы, жоғарыда сөз еткен коми­теттің айтуынша, қазақстандықтар азық-түлікке неге табысының тең жартысын жұмсайтынын түсіндіріп беріпті. Алайда тапқан әр теңгесін санап отыратын отандастарымызға комитет түсіндірмесінен гөрі арзан азық анағұрлым қажет, яғни нәтиже керек. Осы жерде тағы бір сауал туындайды. Егер көлік пен жанармай, азық-түлік бағасы Ресейдегі бағаның әсерінен үнемі өсіп отырса, біз Еуразиялық экономикалық одаққа неге мүше болдық? Өкінішке орай бұл сауалдың жауабын ешкім түсіндіріп бермесі анық.
18-19 ғасырда ғұмыр кешкен француз кулинары, философы Жан Антельм Брийе-Саварен «Ұлттың тағдыры оның тамағына байланысты» деп қысқа түйіндепті. Біздің халықтың тағдыры болмаса да, отбасылық бюджет шығыны, денсаулығы, мәдени деңгейі жанама түрде азық-түлік бағасына байланысты десек, ағаттық болмас. Себебі біз сөз еткен рейтингте халқымыз табысының 47 процентін тамаққа, ал мәдени салаға бар болғаны 1,8 процент қаржысын жұмсайтынын көрсетті. Бұған дейін Үкімет азық-түлік бағасын бақылау үшін талай бағдарламаны іске қосты. Бірақ шаруа қожалықтары субсидия мен несиені қажетті деңгейде алып, өнімнің саны мен сапасын арттырып, баға бәсекенің арқасында әрі нарықтың күшімен реттелмесе, мемлекеттік-әкімшілік құралдар тиімді болмай тұр…


Майя ҚОЖАБАЙ 

17 наурыз 2020 ж. 550 0