Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мадмуазель Кокотка

Мадмуазель Кокотка

Ги де Мопассан
(Француз жазушысы)

Халқымызда «обал, сауап» деген керемет ұғымдар бар. Одан басқа «киесі бар» немесе «тиме, қарғайды» деп жатады. Бұлардың астарында не жатыр? Ги де Мопассан ғибрат боларлық бұл оқиғаны артына қалдырып кетіпті. Мен тек дәнекер болып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім. Көпшілік мазмұнының тереңіне бойлай үңілсе, құба-құп болар еді.

*****
Біз жындыхана үйінен шыққан кезде мен қоршаудың бұрышында тұрған ұзын, арық келген адамды көрдім. бұл адам тіпті ол жерде жоқ итті шақырып тұрды. Жұмсақ, еркелеткен үнмен шақырып тұрды:
– Кокотка, сүйікті Кокотка, бері кел. Кел­сеңші бері, Кокотка!
Содан кейін итті шақыратын кездегі әдетпен, өзінің санын қаққылап қойды.
Мен дәрігерден:
– Бұл кім? – деп сұрадым.
Ол:
– Бұл ерекше ауру. Бір кезде ат бағушы еді, аты – Франсуа. Өзінің итін суға тұншықтырып өлтіргеннен кейін, осы ауруға душар болды.
Мен бұл оқиғаның мән-жайын баяндап беруді өтіндім. Оның айтқаны мынау еді.

*****
Париж маңында бір байшыкеш буржуа отбасы тұрды. Олар Сена өзенінің жағасында парктің ортасында орналасқан виллада тұратын. Олардың ауылдан шыққан Франсуа есімді ат бағушысы болды. Өзі аңқау, қарапайым, аздап кемақылдау еді. Бірде ол бір жақтан үйіне қайтып келе жатады. Жолда бір ит кездесіп, мұның соңынан қалмай ерді. Әдепкіде ол бұған мән бермеген еді, бірақ ол ізінен қалмады. Таныс ит болар деген оймен дұрыстап қараған еді, жоқ, бөтен болып шықты. Өте арық ит болатын. Әбден ашыққан, аянышты, құлақтарын жымитып, құйрығын қысып, соңынан еш қалмады. Егер бұл тоқтаса, ол да тоқтайтын, ал жүрсе соңына еретін. Ол мұны қуып жібермек болды:
– Кет әрі! Кет дедім ғой! Кет! Кет!
Ит сонадай жерге барып шоқиып отыра қалды. Ат бағушы қозғалған кезде сүмірейген күйі тағы соңынан ілесті. Ол еңкейіп тас іздеген кейіп жасады. Ит қашықтау жерге қашып кетті. Франсуа бері бұрылған кезде салаңдаған күйі қайтып ерді.
Ат бағушы итті аяп кетті де, өзіне шақырды. Ол имене басып жақын келді. Арқасын кү­жі­рейткен кезде, арықтығы соншалық, қа­быр­ғалары терісін тесіп шығатындай еді. Ол итті аяп, арқасынан сипады, сөйтті де:
– Жүре ғой ендеше, – деді. Ит қуанғаннан құйрығын бұлғаңдатты, содан кейін жаңа қожа­йынының алдына түсіп, бүлкектей жөнелді.
Ол оны ат қораға жайғастырды. Астына сабан төседі де, үйге нан әкелуге жүгіріп кетті. Ит әбден тойғанша жеді де, бүк түсіп ұйқыға кетті. Ертеңіне ит туралы ат бағушы қожайындарына айтқан болатын. Олар үйге қалдыруға рұқсат берді. Бұл еркетотай, адал, жуас, әрі ақылды ит болып шықты. Бірақ көп кешікпей бұл иттің сұмдық кемшілігі белгілі болды. Ол жыл бойы ұйлығатын. Азғантай уақыттың ішінде сол маңайдағы иттердің бәрімен шатасып шықты, бұл иттер күн-түні вилланың айналасында жортып жүретін. Қандай ит болса да тіл табыса кететін, бұл үретін мақұлықтардың тобыры әртүрлі тұқымның өкілдері еді. Бірі жұдырықтай ғана болса, енді бірі есектей үлкен болатын. Бұл ұйлығу науқанының шегі де, шеті де жоқтай көрінетін.
Жергілікті тұрғындар бұл ерекше құбылыс деген ұғымға келді. Ал ветеринар тіпті түсінбеді. Ит кешке өзінің жатағына оралғанда иттердің тобыры қораны қоршап алатын. Үйдің қоршауы үшін егілген қалың бұталардың өзінен өтіп кетіп жерді қазып немесе гүлдерді таптап, жүйектерді бұзып кетіп, бағбанды әбігерге түсіретін. Бұл жатқан ат қораны қоршап алып, түні бойы үріп шығатын еді. Қанша қуғанмен, еш нәтиже шықпады. Ал күндіз тіпті үйге кіріп кетуге дейін барды. Бұл нағыз шапқыншылық, нағыз сорақылық еді! Үйдің қожайындары бұл иттерді басқышта, тіпті бөлмелердің де ішінде кездестіріп қалып жүрді. Бұлардың арасында қаңғыбас иттер бульдог, бөрібасар, құйрықтары қайқиған кәнден, аңшы иттер бар еді. Енді айналасы он льеге жететін қашықтықтан ешкімге белгісіз бөтен иттер келе бастады. Тіпті қайдан келіп жатқаны да, немен қоректенетіні де белгісіз еді, сосын бір күндері жоқ болып кететін. Ал Франсуа сонда да итті жақсы көрді, ол оны шын ниетімен «Кокотка» деп атады және осы ат оған лайық еді.
«Бұл мақұлық – адам сықылды ақылды. Тек тілі жоқ демесең!». Ол оған арнап қызыл былғарыдан қарғыбау жасатты, мыстан жасал­ған доғасында: «Мадмуазель Кокотка, ат ба­ғушы Франсуа» деген жазу болды. Ол семіріп дәу ит болды. Егер бұрын қандай арық болса, енді соншалық ірі дәу болды. Семіргеннен кейін, ол семіз адамдар секілді баяу қозғалатын, аузын ашып ентіге демалып, аяғын талтаңдатып басушы еді. Тіпті бірнеше қадам жүгірудің өзі мұң болды. Күшіктегені де таңғаларлық еді. Туа салып қайтадан күшіктейтін, бір жылда төрт рет күшіктеп жүрді, ал күшіктері әр түрлі тұқым өкілдері болып шықты. Ит су алып кетпес үшін біреуін ғана қалдырып, қалғандарын тері дорбаға салып, еш аямай суға апарып тастайтын. Енді бағбанға қосылып үйдегі қызметші қыз шағым айта басатады. Ол итті біресе буфеттен, біресе көмір жиналған шоланнан кездестіріп қалып жүрді. Ал олар кездес­кен дүниенің бәрін тасып кетіп жүрді. Ақыры, қожайынның да төзімі таусылды, Франсуаға Кокотканы құртуға бұйырды. Қапа болған жас жігіт орналастыратын жер іздеп жүгіріп көріп еді, алайда оны алатын ешкім болмады. Енді ол оны кетіп бара жатқан біреуге Париж сыртындағы Жуанвиль-ле-Пон маңына апарып тастауын тапсырды. Кокотка сол күні-ақ кешке қайтып оралды. Енді бір амалын табу керек болды. Гаврға бара жатқан пойыз бастығы бес франк ақшаға ала кетіп, барғаннан кейін сол жаққа қалдырып кету керек болатын.
Екі күн өтіп, үшінші күні кешке Кокотка қайтып келді, әбден азған, жүндері үрпиген, тірі деген аты ғана. Қожайын бұл жолы ештеңе деген жоқ. Көп уақыт өтпей иттер бұрынғыдан да көбірек жиналатын болды, бәрі де долы. Бірде кешке қожайын мол қылып түстік тамақ берген еді, бір дог тұқымдас ит аспаз әйелдің көз алдында семіз тауықтың тартылған етін ала жөнелді, ал аспаз оны аузынан жұлып алуға батылы жетпеді. Осыдан кейін қожайыны қатты ашуланды, Франсуаны шақырып алып:
– Егер ертеңге дейін осы ит құрымайтын болса онда жұмыстан боссың, түсінесің бе? –деді.
Ат бағушы қатты ренжіді. Ол жоғарыға чемоданға заттарын жинастыру үшін бөлмесіне көтерілген еді. Бір кезде оны ешқандай жер жұмысқа алмайтыны есіне түсті, егер бұл ит қасында болса тіпті алмайды, бұл үйдегі адамдар беделді, жалақысы да жақсы, тамағы және бар, одан да иттен құтылған дұрыс шығар. Ақыры осыны дұрыс көрген ол таңертең ерте итті құртпақшы болды.
Ол түнде ұйықтай алмады. Азанда ерте тұрды да қолына мықты жіп алып итіне беттеді. Ит орнынан баяу тұрды, сілкініп, керілді де, құйрығын бұлғаңдатып иесіне қарай жүрді.
Оның жүрегі біртүрлі болды, итін құшақтап құлақтарын сипалап, тұмсығын сүйді, барлық жылы сөздерді айтып еркелетті. Енді қимылдау керек еді. Есікті ашты да: «жүр», – деп бұйырды. Ит қуанғаннан құйрығын бұлғаңдатты, серуенге шығамыз деп ойлаған болу керек.
Өзенге таяп келген кезде ең терең жерді тауып алды, жіптің бір ұшын қарғыбауға байлады, келесі ұшын тас тауып алып тасқа байлады. Ол оны ұстап алды да құшағына қысты, ең қымбат жанмен айырылысатындай оны сүйе берді. Құшағына қысып тұрып: «менің Кокоткам, сүйікті менің Кокоткам», – деумен болды, ал ол рахаттанып қыңсылап жатты.
Ол оны лақтыруға оншақты рет әрекет жасады, бірақ барлығында да мұны істей алмады. Ақыры ол лақтырып тынды, барынша ортасына тастауға тырысты. Ит жүзбекші еді, бірақ байланған тас итті төменге тартты, енді ол бірте-бірте тұңғиыққа бата бастады. Ит енді дәл бір адам сияқты жалынышты көзбен қарады. Адам секілді жанталасып жатты, ал кеудесі батып бара жатқан сәтте артқы аяқтарымен жан ұшыра қимылдап еді, енді міне олар да көзден ғайып болды.
Су бетінде көпіршіктер жүзіп жүрді де, жоқ боп кетті. Ал Франсуа сілейіп тұр, жүрегі дүрс-дүрс соғады. Оған Кокотканың ажал алдындағы жан қиналысы елестеді, сосын қарапайым адамның ойымен: «Бұл мақұлық мен туралы не ойлады екен» – деді іштей. Ол ақылынан алжаса жаздады. Бір ай бойы ауырды, күнде түсіне ит кіретін. Оның үргенін немесе қолын жалағанын сезетін. Дәрігер де келіп кетті. Біршама тәуір де болды, кейін қожайындары Руан түбіндегі Бьессар иелігіне алып кетті.
Ол жер Сена жағалауы болып шықты. Суға шомылуды әдетке айналдырған еді, қасындағы ат күтушімен күнде суға шомылып, Сенаның арғы бетіне жүзіп баратын. Осындай бір күні асыр салып шомылып жүрген еді, бір кезде Франсуа айқайлап жіберді:
–Қара, анау немене ағып келе жатқан? Сен кәзір котлет жейтін боласың.
Бұл ағып келе жатқан өлексе еді, ісінген аяғы аспанға қараған иттің мүрдесі болып шықты. Франсуа оған құлаштап жүзіп барды да, тағы да қалжыңдады:
– Әттең, еті борсып кеткен екен, бірақ мол, қарасаңшы қандай көп.
Сәл қашықтау жерден бұзыла бастаған бұл өлексені Франсуа айналып жүзіп шықты. Кенет ол үнсіз қалды, сосын өлексені мұқият қарай бастады. Содан кейін қарғыбауға ұзақ зер сала қарады, сөйтті де қолын созып итті мойнынан ұстай алды, итті өзіне қарай тартып, қарғыбаудың көгере бастаған доғасынан «Мадмуазель Кокотка, ат бағушы Франсуа» деген жазуларды оқыды. Өлген ит өзінің қожайынымен алпыс лье қашық жерде қайтадан қауышты!
Франсуаның тамағынан қырылға ұқсас түсініксіз бір дыбыс шықты, сосын тоқтаусыз айғайлап жағаға қарай жүзді. Жағаға шыққан бойда, тыржалаңаш күйі беті ауған жаққа жүгіре жөнелді. Ол ақылынан алжасқан еді!

Аударған Бақтияр Мырзаш,
С.Сейфуллин ауылы
13 шілде 2019 ж. 776 0