Ресейдің резерв қоры жұмысын тоқтатты
2018 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Ресейдің резерв қоры жұмысын доғарды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Бұдан кейін Ресей бюджетінің барлық қосымша кіріс қаржысы Ұлттық әл-ауқат қорына аударылатын болады. Ресей үкіметі резерв қорын алда-жалда кіріс түсімі күрт азайған жағдайда бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатымен құрған.
Ресей қаржы министрлігінің мәліметінше, 2017 жылғы желтоқсанның 1-іне дейін резерв қорында 995 миллиард рубль (17,4 миллиард доллар) болған. Ресей Ұлттық әл-ауқат және Резерв қорларын осыдан тоғыз жыл бұрын Тұрақтандыру қорын екіге бөлу арқылы құрған.
Аталған мемлекеттің Ұлттық әл-ауқат қоры (ФНБ) шартты түрде екі бөліктен тұрады: бір бөлігі ұзақ мерзімге зейнетақы төлеуге, екіншісі өз-өзін ақтайтын инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған. Ресей қаржы министрі Антон Силуановтың бағалауы бойынша, биылғы қаңтардың 1-іне ФНБ көлемі 3,8 триллион рубль (66 миллиард доллардан көп) қаржыны құраған.