Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Жапон технологиясы, Smart city және университеттер филиалы: Токио Астанаға қандай уәде берді

Жапон технологиясы, Smart city және университеттер филиалы: Токио Астанаға қандай уәде берді

Мемлекет басшысының Жапонияға жасаған ресми сапары мәресіне жетті. Бұл жай ғана формалды сапар емес, екі елдің келешек қарым-қатынасын айшықтаған маңызды бастама болды. Ресми қабылдаулар деңгейі, ауқымды экономикалық келісімдер, жоғары деңгейдегі келіссөздер – бәрі қазақ-жапон байланысының жаңа дәуірі басталғанын көрсеткендей. Осы орайда Kazinform-ның аналитикалық шолушысы үш күндегі елеулі оқиғаларға қатысты сарапшылар пікірін біліп, қос ел қабылдаған шешімнің астарына үңілді. KAZINFORM.


Жапон дипломатиясынан бір дағды

Жапония символикаға ерекше мән беретін ел, мұндай өзгешелік сыртқы саясаттағы ұстанымынан айқын сезілетін. Қай елмен қандай қатынаста екені, кімді жақын тартып, кімге сенім артатыны дипломатиялық ишарасынан аңғарылып тұрады. Мұның өзін болмысына сай байыппен жасауды әдетке айналдырған.

Бұлай айтуымызға, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары кезінде байқаған протоколдық элементтер итермеледі. Мысалы, Мемлекет басшысының жұмыс бағдарламасы императорлық аудиенциядан басталып, Император Нарухито атынан ресми қабылдау ұйымдастырылған болатын.

Мұндай аса жоғары құрмет жапон дипломатиясында тек саяси салмағы бар көшбасшыларға көрсетіледі. Демек, Күншығыс елі Қазақстанды Орталық Азиядағы ең сенімді серіктесі көреді әрі жапондық бизнес өкілдеріне жаңа бағдарды нұсқады деген сөз.

Тағы бір қызығы, жапон тәжірибесінде мәртебелі қонақ үшін бір күнде екі ресми қабылдау ұйымдастыру сирек жағдай. Алайда бұл үрдіс бұзылып, Мемлекет басшысы бір күнде Императормен де, Премьер-министрмен де жолықты. Әсіресе, бара сала Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен өткен кездесуде сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы байланыстың егжей-тегжейі талқыланды.

– Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Саясатта тұспалсыз сөз айтылмайды, оның үстіне жапондардың халықаралық қатынас мәнерінде әрбір сөйлем билік ұстанымымен шегеленіп отыратыны бар. Сондықтан Премьер-министрдің еліміздің Орталық Азиядағы рөлі туралы ойы, стратегиялық қарым-қатынас орнатуға деген ниеті Жапонияның ресми позициясы деп түсінуіміз керек.

Қазақстанда жапон көліктері жасала ма?

Қазақ қоғамы тау-кен, машина жасау өнеркәсібіне жапондық компаниялардың келуін қалайтыны рас. Бұл орайда Мемлекет басшысы сапар аясында ірі компания өкілдерімен жеке кездесу өткізіп, келешек жобаларды талқылады. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.

Жапонияның Komatsu компаниясы елордада техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салуға ниетті екен. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огава Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол деп отыр. Komatsu жаңа кешенді аймақтағы тау-кен компанияларының техникасын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін және жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналдыруға ниетті. Өз кезегінде ел билігі шетелдік инвесторға өндірісті локализациялау мен озық технологияны енгізуді ұсынуда.

Астанада салынатын кешенге Mitsui компаниясы да атсалыспақ. Кәсіпорын кешеннің халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруға, инфрақұрылымды дамытуға, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуге жәрдемдеседі деген жоспар бар.

Жапонияда құрылыс және тау-кен техникаларын шығаратын Hitachi Construction Machinery компаниясы жұмыс істейді, кәсіпорын әлемде сала жетекшісі қатарында. Компания Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанмен етене жақын. Бұған дейін бірлесе атқарған жобалар жетерлік. Hitachi Construction Machinery-дің экскаваторлары, карьерге арналған жүк көліктері және басқа да техникалары 150-ден аса елде, соның ішінде Қазақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған компания президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдау кезінде алдағы уақытта өндіріс локализациясы назарда болатынын айтқан. Цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесін құру бағытында мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Кездесуден кейін Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзаки Қазақстан нарығына қатысты болжамын айтқан еді.

– Қазақстанда бізде өте ауқымды әрі табысты бизнес бар. Құрылыс жобалары саласында да, тау-кен өнеркәсібінде де белсенді жұмыс істеп келеміз. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл – негізгі стратегиялық нарықтардың бірі. Тау-кен саласында Eurasian Machinery Group компаниясымен серіктестігіміз бар, оның 40 пайызы бізге, ал 60 пайызы қазақстандық компанияға тиесілі. Соның нәтижесінде біз тау-кен техникасы нарығында жетекші орынға ие болып отырмыз. Қазақстан біз үшін маңызды нарық әрі құрылыс техникасы бойынша негізгі тұтынушы болғандықтан, мұндағы табысты бизнесті одан әрі дамытуға ниеттіміз, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол болашақ инвестициялық жоспарларға тоқталды.

– Қазіргі таңда Қазақстанда біздің мыңнан астам техника бірлігі пайдаланылуда, оның басым бөлігі тау-кен саласына тиесілі. Атап айтқанда, 200-ден астам экскаватор және жүк сыйымдылығы 400 тоннаға дейін жететін шамамен 100 карьерлік самосвал жұмыс істеп тұр. Бұл – өте ірі нарық. Мен Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі алдағы уақытта да қарқынды дамитынына сенімдімін, – деді Масафуми Сэнзаки.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Жапониядағы машина жасау кешені әлемдегі ең қуатты салалардың бірі. Екі елдің осы бағыттағы мәмілесі өндірістік қуатты арттыруы мүмкін.

– Жапония экспорт көлемі бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Бұл, негізінен, туризмнің немесе басқа салалардың есебінен емес, дәл машина жасау мен жабдық дайындаудың арқасы. Олардың қатарында гаджеттер, компьютерлер, телефондар және басқа да жоғары технологиялық өнімдер бар. Қазақстан үшін бұл салаға қызығушылық бұрынғыдан да жоғары. Бірақ бұл – ХХ ғасырдың технологиялары, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанға ең алдымен осыны, ХХ ғасырдың технологиялық базасын қайта қалыптастыру қажет.

– АҚШ-тың өзінде ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе 1990 жылдарға қарай технологиялар дамыды. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз көптеген өндірістік технологияларды жоғалтып алдық. Зауыттар тұралады, ірі кәсіпорындардың саны азайды. Машина жасау Қазақстанға келесі кезеңге қадам басу үшін керек дер едім. Себебі біз бірден ХХІ ғасырға аттап кете алмаймыз, – деп толықтырды Әбішев.

Спикердің пайымдауынша, жапон техникасын елге әкелу қосымша жұмыс орындарын ашуға септеседі.

– Егер жапондық машина жасау мамандарын тартып, оларға қолайлы жағдай жасап, Қазақстанда зауыттар ашуға мүмкіндік берсек, бұл кемінде 10 мың жаңа жұмыс орнын құруға жол ашар еді. Соның нәтижесінде экономика айтарлықтай нығаяды. Жапонияда жалпы капитал жеткілікті, олар оны әлем бойынша өте ұқыпты түрде инвестициялайтынын ескеру керек, – деді сарапшы.

Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігіне жауапты негізгі мемлекеттік институты бар. Атауы – JOGMEC. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым өкілімен кездесу кезінде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу тақырыбын талқылаған екен. Әсіресе тараптардың табиғи ресурстарды орнықты басқару, Қазақстанда өкілдік ашу турасындағы ойы бір жерден шыққанын байқадық. Мұндай келісім Жапонияның өндірістік және технологиялық компанияларының отандық нарыққа көптеп келуіне ықпал етеріне күмән жоқ.

Фото: Ақорда


21 желтоқсан 2025 ж. 33 0