Тарихты жаңартқан былғары қолғап шеберлері

Дүниежүзі бойынша 60 елден 500 спортшы бақ сынаған әлемдік додада еліміздің атынан 10 ер, 10 әйел боксшы қатысты. Бап пен бақ қатар шабатын бәсекеде ел құрамасының мүшелеріне жанкүйерлер тақым қысып, тілеуін тіледі. Қазақ боксшыларының қарсыласы өзбек ағайын мен кубалық спортшылар болды. Бапкерлік құрам боксшылардың дайындығын қайта-қайта пысықтап, жеңістің тұғырынан көрінуге талпынды. Жарыстың алғашқы күнінен бастап көк байрақ астында жаттығатын боксшылар бабында екендіктерін көрсете бастады. Бұл чемпионатта төрешілер тарапынан жіберілген қателік пен көрсетілген қысым жеткілікті болды. Жерлестеріміздің қолда тұрған жеңісін бұрмалап, қарсыласына алып бергені қаншама.
Әрбір кезеңге өткен сайын ұлттық құрама боксшыларының саны азая бастады. Көпшілік Әлем чемпионатында жүлде қоры аз болатындығын айтып, дабыл қаға бастады. Қазақ боксын «жерлеп» тастаған жандар баршылық. Мұндайда бапкер мен спортшының, жанкүйердің темірдей төзімі сыналды. Осылайша ерлер мен әйелдер құрамасы сапындағы 20 спортшының 10-ы жартылай финалға жетіп, жүлделі орынға ілікті. Оның ішінде, Әлем чемпионатының қола жүлдесін Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова еншіледі. Ал финалға 8 спортшымыз шығып, алтын жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Наталья Богданова бар. Өкініштісі, жерлесіміз Назым Қызайбайдың 4 дүркін Әлем чемпионаты боламын деген үміті ақталмай қарсыласына жол берді. Бұдан кейін жарыс жолына шыққан жерлестеріміз алтын алқа тағынып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бір үйдің балалары Махмұд және Төрехан Сабырхан рингте атой салды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарих жаңарып, аса ауыр салмақтағы боксшымыз Айбек Оралбай алтынмен апталды. Санжар Тәшкенбай мен Алуа Балқыбекова екі дүркін Әлем чемпионаты атағына қол жеткізді. Аида Әбікеева, Наталья Богданова чемпиондық атақпен елге оралды.
Айта кетейік ағылшын еліндегі бокс бәсекесінде қазақ жанкүйерлерінің қарасы қалың болды. Өз кезегінде ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 1 күміс, 2 қоламен жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден