ЕАЭО бірлескен кооперациялық жобаларды ынталандыруға ниетті
Еуразиялық үкіметаралық кеңес өнеркәсіп салаларындағы бірлескен ынтымақтастық жобаларын іріктеу және оларды ЕАЭО-да жүзеге асыру үшін қаржылық көмек көрсету туралы ережені бекітті, деп хабарлайды Kazinform.
Индустрия және агроөнеркәсіптік кешен министрі хатшылығының хабарлауынша, қабылданған ереже жобаларды іріктеу тәртібі мен шарттарын, қарыз алушылар мен қаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды, қатысуға өтінім беру рәсімін, тараптардың кооперациялық жобаларды іске асыруы мен жауапкершілігін айқындайды.
– Бұл механизм өнеркәсіпті интеграциялық дамыту жолындағы серпінді қадам болмақ, өйткені экономиканың нақты секторында кооперацияны ынталандыру үшін ұлттан жоғары қаржы құралы алғаш рет қалыптасуда, – деп атап өтті ЕЭК өнеркәсіп және АӨК министрі Артак Камалян.
– Өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесу бағдарламасы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа жолын ашады және елдеріміздің одан әрі технологиялық дамуына ықпал ететін болады. Жаңа тетік өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және нығайту үшін жинақталған әлеуетті іске асыруды ынталандыруға, оның ішінде шағын экономикалар үшін жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге қолжетімділікті қамтамасыз етуге кепілдік беруге арналған, бұл өз өндірістік әлеуетін ұлғайту және тұтастай еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді дамыту үшін қажетті алғышарттарды қалыптастырады.
Жобаларды таңдау критерийлері бірнеше негізгі шарттарды орындау арқылы жүзеге асады. Ережеге сәйкес, жоба бір немесе бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы керек, мәселен жаңа кәсіпорын құру немесе оны қайта жарақтандыру, қосылған құн тізбегін қалыптастыру, экспортты ұлғайту, сауда немесе инвестиция көлемін ұлғайту. Ал кәсіпкерлер оны бес жыл мерзімде іске асыруы тиіс.
– Келесі жылдан бастап кооперациялық жобаларды қолдау бағдарламасы іске қосылады деп үміттенеміз. Бұл үшін Одақ бюджетінен 1,8 миллиардқа жуық ресей рублі бөлінген және біз механизмді толық іске қосу үшін қызықты жобалық ұсыныстарды күтеміз», - деп түсіндірді Артак Камалян.
Фото: ашық дереккөзден