Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Транзит еркіндігі, азық-түлік бағасын тежеу: Смайылов ЕҮАК-те не туралы айтты

Транзит еркіндігі, азық-түлік бағасын тежеу: Смайылов ЕҮАК-те не туралы айтты

Жұма күні, 26 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы – Президенті Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченко, сондай-ақ бақылаушылар мен шақырылған елдердің жоғарғы өкілдері – Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов және Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Али Идаят оглы Асадов қатысты. 

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің үкіметтері қабылдаған шаралардың нәтижесінде негізгі экономикалық көрсеткіштер қалпына келіп, экономикалық тәуекелдер ішінара жойылғанын айтты. 

«Атап айтқанда, экономиканың өсуін тұрақтандыру және қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ЕАЭО елдері экономикалары өсуінің орта мерзімді болжамдарын арттыруға мүмкіндік берді. Бірінші жартыжылдықта өзара сауда көлемі ұлғайды. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 4,8%-ға өсіп, $12,6 млрд-ты құрады», — деді Премьер-Министр. 

Бұл ретте Үкімет басшысы одан әрі даму үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. 

Әлихан Смайыловтың пікірінше, кедергісіз орта құру – ЕАЭО елдерінің оны құру туралы шартта тікелей жазылған өзара қарым-қатынасының негізі. Барлық қажетті өкілеттіктерге ие Комиссия жетекші рөл атқаруға тиіс. 

«Қазіргі жағдайда мемлекеттер біржақты тәртіпте енгізуге мәжбүр болып отырған шектеулердің салдарын жою тетіктерін айқындау маңызды», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы өзара саудада шектеулер енгізілген кезде басқа мемлекеттердің белгілі бір деңгейде ЕАЭО тауарларымен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ үшінші елдерден жеткізілімдерді жеңілдету үшін жағдайлар жасалуы тиіс екенін айтты. 

Премьер-Министр қазіргі уақытта Одақ елдері бағаның, әсіресе азық-түлік тауарлары бағасының айтарлықтай өсу проблемасымен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Мәселен, 6 ай ішінде ЕАЭО-да бағалар орта есеппен 12,9%-ға артқан.  

«Ұлттық валюталар арасындағы айырбас бағамдарында да елеулі бұрмалаушылықтар бар екенін көріп отырмыз, олар америкалық валютаға қатысты кросс-бағамдар арқылы айқындалады. Бұл біздің елдердегі сауда мен инфляциялық процестерге айтарлықтай әсерін тигізеді», — деді Әлихан Смайылов. 

Осыған байланысты Премьер-Министр ЕАЭО елдерінің орталық банктерінің тиісті консультацияларын өткізуді және үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына ұсыныстар енгізуді ұсынды. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы ЕАЭО елдерінің экспортын дамыту үшін тауарлар транзитінің еркіндігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы еуразиялық көлік дәліздерінің инфрақұрылымын жаңғырту осы бағыттағы маңызды практикалық қадам болуы мүмкін. 

«Жоғарыда аталған мәселелерді шешу, соңғы кезде туындаған қиындықтарды еңсеруге көмектеседі деп ойлаймыз. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, алдымызда тұрған сын-қатерлерге төтеп бере аламыз және экономикамыздың тұрақты дамуын, сондай-ақ азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеміз деп сенемін», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов. 

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар көпжақты құжаттарға қол қойды.


 
26 тамыз 2022 ж. 347 0