Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Лондонда Наурыз онлайн тойланды

Лондонда Наурыз онлайн тойланды

Лондондағы қазақтар пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан Ұлыстың ұлы күнін үйлерінде мерекелеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Локдаунда көшеде топ болып жиналуға рұқсат етілмейді. Биыл отандастарымыз халықаралық онлайн форум ұйымдастырып, әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан шетелдіктерді еліміздің мәдениеті және дәстүрлі құндылықтарымен таныстырды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбританиядан бөлек, АҚШ, Канада, Австралия және Еуропа мемлекеттерінің өкілдері Әз-Наурызды атап өту үшін онлайнда бас қосты. Араларында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделі зиялы қауым өкілдері, дипломаттар және қоғамдық бірлестік басшылары да бар.

Майкл Сагатис, зерттеуші:

- Мен Қазақстанға барғанымда Нұрбұлақ ауылына тоқтаған едім. Сол кезде жергілікті тұрғындар осы шапанды сыйға тартты. Қазақтардың қонақжайлығына, бай мәдениетіне тәнті болдым.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Ұлыбританиядағы өкілдігінің британиялық OCA Magazine журналымен бірлесіп ұйымдастырған форумының мақсаты ұлтымыздың мәдени және дәстүрлі құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ шетелде тұрып жатқан қазақтарды бір-біріне жақын тарту.

Ғани Бекенов, Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұлыбританиядағы өкілі:

- Наурыздың маңыздылығы бүгінде бұрынғыдан да арта түскендей. Әсіресе, көңіл-күйіміздің көтеріңкі болғаны абзал. Бірнеше айға созылған пандемия мен локдауннан кейін өміріміздің жаңа парақшасы ашылып, жаңа күні басталады деп үміттенеміз.

Қонақтарға Наурыз мейрамын тойлаудағы музыкалық, поэтикалық және гастрономиялық ерекшеліктер туралы айтылды. Лондондық қазақтар қазыны қалай дайындауды да көрсетті. Британияда жылқы еті сатылмайды, ал Қазақстаннан ет өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Сондықтан жылқы еті Уругвайдан арнайы тапсырыс арқылы алдырып, онлайн шеберлік сабағы өткізілді.
22 наурыз 2021 ж. 600 0