Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» «Мәдениет – рухани өмірдің мәйегі» атты салтанатты жиын өтті

«Мәдениет – рухани өмірдің мәйегі» атты салтанатты жиын өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет – рухани өмірдің мәйегі» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиынға Қызылорда облысының Құрметті азаматы, композитор Рамазан Тайманов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, «Құрмет» орденінің иегері Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Мамыр Байдәулет, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр, аудандық мәслихат депутаттары, өнер және мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында құрметті қонақтар «Құрақтың Досжаны» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі шығармашылығымен, салт-дәстүрлер, ұлттық тағам және кітаптар көрмесімен танысты.

Аудан басшысы жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, сала жетістіктерін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі» деп атап көрсетті.
Мәдениет – ұлт мәнері болса, өнер – халықтың қазынасы. Сыр елінің мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынып, ұлттық құндылықтарымыздың берекелі ордасына айналуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы салынып, ел игілігіне берілді.
Жақында облыс орталығында бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Құны 2 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда. Аталған нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында құны 3 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.
Дана Абай «Өнерге әркімнің де бар таласы...» дегендей, ауданда сала жұмысына көрсетіліп жатқан үлкен қолдаулардың нәтижесінде мәдениет майталмандарынан құрылған өнер ұжымдары Сыр жұртшылығына танылуда. Өткен жылы өнерді жанына серік еткен ардагерлерімізден «Ұлағат» әкелер ансамблі және мәдениет саласы ардагерлерінен «Алтын қазына» ансамблі жаңадан құрылып, өнерлерімен құрметке бөленуде. 50 жылдан аса тарихы бар «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблдері шығармашылық жолдарын жандандыруда. «Балауса» халықтық би ансамблі жақында Алматы қаласында өткен халықаралық өнер конкурсында Бас жүлде иеленіп, Баку қаласына жолдама алды. Ұлт алдында ұлы істерге тағдырын арнаған мәдениет және өнер қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Әр уақытта мәдениетіміздің мәртебесі жоғары болып, рухы өр халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз еселене берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Салтанатты жиында ауданның мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген азаматтарға «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі табысталады. Сондай ақ, сала мамандары мен ардагерлері облыс әкімінің, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының және аудан әкімінің "Алғыс хаттарымен" марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.

Мерекелік концертте өңірімізге танымал өнерпаздар, шығармашылық ұжымдар мен жас дарындар әннен шашу шашып, көркем билерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

---
23 мамыр 2025 ж. 127 0