Мамандық таңдауға бағыт-бағдар берілді
Биылғы жылдың түлектері мамандық таңдау алдында тұр. Жүрек қалауымен мамандық таңдап, мемлекеттік грант негізінде жоғарғы оқу орнынан түсу барлық мектеп бітірушінің мақсаты. Осы күні бірінші легін аяқтап, алды мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу үшін екінші мәрте Ұлттық бірыңғай тест тапсырып та үлгерді. Осы екі мүмкіндіктен алған ең жоғарғы балымен түлектер алдағы уақытта мемлекеттік комиссия қорытындысымен бақтарын сынайтын болады.
Мамандық таңдауда қателік жібермеу – жас талапкердің болашағына қаланатын алтын көпір. Сондықтан қарым-қабілеті мен білімін саралап, мамандық таңдау алдында тұрған жас түлектерге арнайы мамандардың кеңесі қажет-ақ. Осы күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жоғарғы оқу орындарының оқытушылары түлектерге бағыт-бағдар беріп, кездесулер өткізуде.
Жақында аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында осындай кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласындағы Жұмабек Тәшенев Университетінің педагогика және филология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шынар Ергешбаева мен дене тәрбиесі және дизайн факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Лесбек Мырзабек мектеп бітіруші түлектермен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Университет дайындайтын мамандықтар туралы, материалдық-техникалық базасы жайында толық мәліметтер берді.
– Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет бұл – Оңтүстік өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ерекше оқу орны. Өйткені Жұмабек Ахметұлы Тәшенев секілді қазақ халқының тарихында ерекше орны бар тұлғаның атын иемдену – білімгерлерден үлкен жауапкершілік талап етеді. Қазақ халқының тарихында туған елі мен халқының тағдырын қарақан басының амандығынан биік қойған тұлғалардың ішіндегі елдің тұтастығын сақтап қалудағы орасан жанкештілігі аңыз болған алып тұлғаның бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев болатын. Тың өлкесін Ресейге, Маңғыстауды Түркіменстанға бермей, қасиетті Жер-Анамыздың тұтастығын сақтап қалуда арыстанша арпалысқан тау тұлғалы ардакүрең азаматтың атын иемдену – біздің ұжым мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Университеттің негізгі ұстанымы – қоғамның қарқынды дамуының негізі болып табылатын білім беру қызметі мен ғылымды үйлестіру. Осыған байланысты университет білім беруде, ғылым мен оқу-ағарту саласында, жаңашыл, жеке ізденіс жетістіктерін іске асыруға еркіндік беруде, мемлекет пен қоғамның дамуына қомақты үлесін қосуда, жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде өзгелерге үлгі болып келеді, – деді доцент Шынар Нәлхожақызы.
Бүгінде университетте бакалавриаттың 13 бағыты бойынша 34 мамандық жұмыс істейтінін айтқан ғалым магистратураның 5 бағыты бойынша 6 мамандық бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиялар бар екенін және 1 бағыт бойынша 1 мамандықтың, яғни «Педагогика және психология» мамандығына докторантураға талапкерлер қабылдайтынын тілге тиек етті.
Түлектерге кәсіби бағдар берген университет оқытушылары оқу орнының шет елдік жоғары оқу орындарымен байланыстың аясы кеңейіп келетінін айтты. Атап айтқанда Түркияның Газли университеті және Грецияның Афины қаласындағы ұлттық университетімен тығыз ғылыми байланыстар негізінде академиялық ұтқырлықтар іске асқан.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, аудан мектептерінен 11 сынып оқушылары мен ата-аналары, сынып жетекшілері қатысты. Оқушылар мен ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға оқытушылар жауап беріп, кездесу еркін форматта өтті.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ