ТУҒАН ЖЕРГЕ ӘНМЕН САПАР

Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Ән аға» атты ән альбомы шыққан. Коми ақыны И.Куратов, орыс ақыны Н.Рубцов өлеңдерін қазақша сөйлеткен. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Дәл осы ауылда өмірге келіп, топырағынан қасиет дарыған ақынның туғанына 70 жыл толуына орай мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауқымы кең шара өтті. «Елге сапар» деп аталатын мәдени кеште ауданға қарасты елді мекендерден жиналған өнерпаз жастар ән байқауынан сынға түсті. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында ақын И.Исаевтың сөзіне жазылған әндерін орындаса, екінші турда конкурстық жырлардан шашу шашты.
Байқау қатысушылары таныстырылған соң, ауыл әкімі Ж.Қожахметов сөз алды. Ол сөз сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауылда осындай тағылымы мол байқаулар мен кездесулер көптеп ұйымдастырылып отыратынын тілге тиек етті.
Сайыста жеті бірдей талантты қыз-жігіт бақ сынады. «Ән аға» әнін орындаған жетікөлдік Ерлан Білманов көрермен көзайымы болса, жанды дауыста тамылжыта дәл осы туындыны орындаған Бесарықтың тумасы Абзал Молдашов жиылған көптің қошеметіне бөленді. Ерекше дауысы мен елді баурап алған Нағидың талапты жасы Нұрхан Нұрділданың ән орындау шеберлігі халықты сүйсінтті. Дарабоздардың сайысында кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтау қазылар алқасына оңай болмады. Себебі шетінен талантты. Ерекше көзге түскен Амангелдінің күміс көмейі Жомарт Ахметов болатын. «Елге сапар» әнін орындаған талантты азаматқа қошемет те аз болмады. Осылайша сайыс қорытындысы бойынша Ерлан Білманов жеңімпаз атанды. Қатысушыларға арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды.
Ақын Ибрагим Исаев жазған өлмейтін һәм өшпейтін туындыларды насихаттап, барша халыққа мәдени танымдық кеш өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға келген қонақтар мен ауыл тұрғындары да өз ризашылықтарын білдірді. Осындай өнерлі жерлестерін ұлықтайтын азаматтар барда ақынның аты мәңгі жасайды.
Майя ҚОЖАБАЙ