Өнер арқылы өрілген үміт
«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Креативті-HUB» жобасы аясында кент мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ерекше балалар арасында өнер фестивалі өтті. «Өнеріммен өркендеймін» атты өнер фестиваліне кенттен 10 ерекше бала қатысты.Талантымен дараланған қатысушылар ән айтып, би билеп, түрлі өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Олар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әрбір өнер көрсетілімінен қатысушылардың ерекше ықыласы, шынайы қуанышы, табандылығы мен өмірге деген құлшынысы айқын байқалды.
– Бұл фестиваль – өнер додасы ғана емес, әр баланың жүрегіне сенім ұялатып, арманына қанат бітіретін, мейірім мен махаббатты дәріптейтін ерекше мереке болды. Өнер фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Өнерде шекара жоқ, талантта шектеу жоқ! Әр бала – бір әлем, әр талант – бір ғажайып, – деді кент мәдениет үйінің әдіскері Айсұлу Искакова.
Өнер додасы балаларға шабыт сыйлап қана қоймай, олардың бойындағы талантты танытуға, өздеріне деген сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Балалардың әрбір қадамы мен сахнадағы жарқын өнері – үлкен еңбектің, табандылықтың және арманға деген сенімнің көрінісі. Көрермендер жас өнерпаздардың өнерін зор ықыласпен қабылдап, қошеметтерін аямады.
– Осындай өнер фестивалін ұйымдастырған кент мәдениет үйінің ұжымына алғысымды білдіремін. Балаларымызға өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беріп, олардың қуанышына ортақтасып, қанат бітіргендеріңіз біз үшін үлкен қуаныш. Әр баланың сахнаға шығып, өз қабілетін көрсетуі – ата-ана үшін зор мақтаныш. Балаларымыздың жүзіндегі күлкі мен қуаныш, өздеріне деген сенімділік бізге ерекше әсер сыйлады. Ерекше балаларға осындай қолдау көрсетіп, олардың талантын бағалап, шабыт сыйлағандарыңыз үшін көп рақмет. Осындай игі іс-шаралар жалғасын таба берсін, – дейді ата-ана Г.Сапарымбетова.
Әрбір бала назар мен қамқорлыққа, қолдау мен құрметке лайық. Ерекше балалардың әрқайсысы – өзіндік әлемі, қайталанбас дарыны бар тұлға. Олардың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілік пен талпыныс көпшілікке шабыт сыйлайды. Сахнадағы әрбір қадамы – батылдық пен табандылықтың айқын көрінісі.
Т.ШАНЖАРХАНОВА











