Мұқағали – мәңгілік жыр
Ақжарма ауылында өткен айшықты кешке куә болдық. Ауылдық кітапхананың ұйымдастыруымен аудандық деңгейде өткен кеш ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналды. «Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» деген тақырыпты арқау еткен поэзия кешінде «Сөз өнері – асыл қазына» үйірмесінің қатысушылары көрерменге ерекше әсер сыйлады.Ең алдымен қонақтар Мұқағали Мақатаевтың кітаптары мен шығармалары жинақталған көрмемен танысты. Ал іс-шара прологпен басталды. Одан кейін «Әділет» партиясының аудандық филиал төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Рүстем Мыңтайұлы сөз алып, ақын Мұқағали Мақатаевтың қазақ әдебиеті мен поэзиясындағы ерекше орнына тоқталып, кеш қатысушыларына жылы лебіздерін білдірді.
Қазақ поэзиясының биік шыңына айналған ақынның өмір жолы мен шығармашылығын дәріптеу, оның өшпес мұрасын жас ұрпаққа таныту мақсатында өткен кеш барысында ақынның қазақ әдебиетіндегі орны, ақынның шығармашылық жолы, сырлы да мұңды, өршіл де шынайы жырлары туралы кеңінен айтылды. Ақын поэзиясындағы туған жерге деген махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, анаға деген құрмет, адамгершілік пен өмірдің мәні секілді мәңгілік тақырыптар ерекше сөз болды. Поэзия кешінде қатысушылар ақынның жүрекке жақын, көпшілік сүйіп оқитын өлеңдерін мәнерлеп оқып, Мұқағали жырларынан сыр шертті. Сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған әсерлі әндер орындалып, кештің мазмұнын одан әрі толықтыра түсті. Көрермен ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісіп, тағылымды кештен рухани әсер алды.
«Тт» ақпарат











