Қазақ поэзиясының Хантәңірі
Қазақ поэзиясына өзіндік жаңашылдығымен келген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 9 ақпан туған күні екені оқырман қауымға белгілі. Алдағы жылы туғанына 95 жыл толатын мұзбалақ ақынның әрбір өлеңі лирикалық сарында жазылған. Әдебиетте сөз-маржанын теріп, артынан өшпестей із қалдырған поэзия Хантәңірінің туған күні қарсаңында аудандық оқушылар үйінің ұжымы «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында өнерлі өрендер арасында байқау өткізді.Шығармашыл балалардың қабілетін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған аудандық байқауды аудандық оқушылар үйінің директоры Мұрат Төлегенов ашып, өнерпаз балғындарға сәттілік тіледі.
– Өткен ғасырда өлең өлкесінде жасындай жарқылдаған Мұқағали Мақатаевтың кез келген туындысы әрбір оқырманның жадында сақтаулы. Қай кезде де өлеңді өз табиғатына сай жаза білген ақын поэзия әлеміне ерекше құбылыс сыйлады. Оның жырлары ешқашан ескірмейді. Әрбір ғасыр тоғысында өзіндік сипатқа еніп, көпшілік оқырман арасында дәріптеледі. Біз әрқашан ақын шығармашылығын жаңғыртып, оқушылар жадына сіңіре бермекпіз, – деді Мұрат Төлегенов.
Аудандық байқау 3 кезеңнен тұрды. Ең алдымен оқушылар «Әр өлеңі бір әлем» атты кезеңде ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Ал «Поэзия тұлпары» кезеңіңде қатысушылар ақынға арнау өлең шығарды. «Есіңе мені алғайсың» кезеңінде ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Ауданға қарасты 17 мектеп пен оқушылар үйінен қатысқан талапкерлердің өнеріне аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Ғалымжанқызы, аудандық оқушылар үйінің директоры Мұрат Төлегенов, С.Сейфуллин ауылдық клубының директоры Дастан Палмахов, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков әділ бағасын берді. Барлық байқау жеңімпазы мен жүлдегері арнайы дипломмен марапатталды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











