Сазды әуен жанды тербеген

Кент мәдениет үйі жанынан құрылған топ Тереңөзек халқына етене таныс. Бұған дейін түрлі концертте өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналған топ ерекше форматта концерт өткізді. Ерекшелігі сол, бағдарлама үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Абай әндері шырқалса, екінші бөлімде ретро әндер айтылды. Ал үшінші бөлімде заманауи әндер қамтылып, жастарға жақсы көңіл-күй сыйлады. Күміс көмей әншілер Дархан Разақов, Ақтолқын Баймұратова, Нұрсұлтан Икрамов, Сұлтанханым Аманкелдіқызы, Марат Шәмшиевтер жеке дауыста ән шырқады. Абайдың «Жүрегім, нені сезесің», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері ауданды жырға бөледі. Одан бөлек Шәмші Қалдаяқовтың, Ержан Серікбаевтың, жергілікті сазгер Рамазан Таймановтың әндері орындалды.
– Абай – дара, Абай – дана қазақта. Биылғы мерейтой қарсаңында ауқымды іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Әрине ұлы ақынның ұлан-асыр тойына біз де өз үлесімізді қосу мақсатында аудан халқына арнап концерттік бағдарлама өткіздік. Абайдың сазды әуенімен бірге концертте ретро, заманауи әндер, шет тілдегі әндер шырқалды. Өнерде шек жоқ екені ақиқат. Бірнеше жанрды жалғап, ерекше форматта концерт өткіздік. Халықтың ризашылығын қошеметінен сезіндік, – дейді «Достар band» тобының жетекшісі Марат Еспенбетов.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ