Театр: детектив драмасының көрерменге айтары көп
Әр істі бастар алдында адамның бойында толқыныс болатыны жасырын емес. Аудандық мәдениет үйінің режиссері Думан Көшекбаев кезекті қойылымды дайындау барысында ұзақ ойдың үстінде жүрді. Актерлік құрамды бекітіп, өзіндік талабын айтып, қойылымның мазмұнын ашу жұмысын бастап кетті. Қолында Моңғолия елінде дүниеге келген қандасымыз Қолғанат Мұраттың «Қылмыс» атты детектив драмасы. Күнделікті ыждағаттылықпен, тиянақтылықпен дайындық жүргізген «Олжа» халықтық театры жылдың соңында көрерменге базарлық ретінде жаңа дүниені ұсынды.Аты айтып тұрғандай, «Қылмыс» драмасы детектив жанрына негізделген. Мектеп қабырғасында қызмет етіп жүрген жас мұғалімнің жұмбақ өліміне қатысты кінәлі тұлғаны анықтаудағы тергеушінің іс-әрекеті сахнада ерекше көрсетіледі. Байсалдылық пен сабырлықты бойына жиған Несіпбек Думанбай қылмысқа өзіндік себеппен қатысы бар Эрнест Мырзабекович, Берік Рысбек, Қарлығаш, Ескендір Ысқақ сынды басты кейіпкерді жинап, сұхбат алаңына шақырады. Бес ай бойы қылмыстың ашылуына жұмыс жасаған тергеуші қайғылы жағдайға ұшыраған мұғалім қыздың өліміне әкеліп соқтыратын талай дүниенің тиегін тарқатады. Көптеген мағлұматқа тергеуші мектепке күзетші болып жұмысқа тұру арқылы қол жеткізеді.
Расында, драма желісінде отбасындағы жанжал, ажырасу, жоқшылық пен баршылық, ерлі-зайыпты арасындағы түсініспеушілік, тойынған ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі ашық суреттеледі. Қоғам өмірінен алынған тұрмыстық тауқыметтің салдарынан үйдегі бала зардап шегеді. Сұхбат алаңына жиналған кінәлі жанның бірі – кәсіпкер, екіншісі – мемлекеттік қызметкер, үшіншісі – әнші, төртіншісі – зайыбымен ажырасқан, ішкілікке салынған адам.
– Биылғы жылды аудандық мәдениет үйі жақсы нотада қорытындылап отыр. Талай жыл сахнаның тарланына айналған Олжа Жайлинның еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Қаншама мәрте облыс, республика көлемінде аудан мерейін тасытқан арда азаматтың есіміне халықтық театрды атау дұрыс шешім болғанын айта кетейін. Қойылымға келетін болсақ, өз дәрежесінде халық көңілінен шыққан айрықша дүниеге айналды. Басталған уақыттан көрерменді елітіп әкеткен актерлік құрамға алғыс айтамыз. Бұл ретте, оқиғаның өзара шиленісуі арқылы соңғы нүктесі қалай қойылатынын тағатсыздана күттік, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Қойылымда бала тәрбиесіне қатысты көптеген фактор кездеседі. Тергеуші Несіпбек Думанбай мұғалім жетекшілік ететін сынып оқушыларынан болашаққа армандарын жаздырады. Сонда кез келген баланың бойында отбасылық жанжалдан туындаған күйзеліс байқалады. Бұл жерде тергеушінің басты мақсаты – нысанаға алған ата-ананың әрқайсысына хатты оқыта отырып, өз олқылықтарын түзету. Тығырықтан шығар жолды іздестіре отырып, нағыз кінәліні табу екені даусыз.
– Шындығында, қоғамның кемшін тұсын суреттеген драмалық шығарманың кез келген кейіпкерінің өмірі адамға тереңнен ой салады. Қай кезде де аудан мәдениет үйінің сахнасында көптеген шығарманың қойылым ретінде көрерменге жол тартқанын жақсы білеміз. Бұл жолы мәдениет саласының мамандары барынша еңбектенгенін көрсетті. Дегенмен өнер адамы болғандықтан кейбір тұста өзіндік көзқарасымыз қалыптасты. Жастарға айтар ақыл-кеңесімізді жеткізе білдік. Мені қуантқаны – ішкі істер саласының мамандарының басшылық құрамымен бірге келуі еді. Барлық формадағы қыз-жігіттің қойылымды тамашалап, ой-пікірін білдіргеніне қуаныштымыз, – деді мәдениет саласының майталманы Сансызбай Сәдуақасұлы.
Ә дегеннен, көрерменнің сахналық қойылымды сағынғаны көрініп тұрды. Драманы тамашалауға аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Омаров, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова, орталық кітапханалар жүйесінің директоры Рүстембек Бәйділдаев, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, мәдениет саласының білгір маманы Мінәш Ысқақ, полиция бөлімінің салалық орынбасарлары Әділхан Канзадаев, Қасымхан Асанұлы, Асхат Төлеуов, сала мамандары келді.
«Қылмыс» детектив драмасының қойылымында өнерімен дараланған актерлік құрамда Әділ Ерғали, Думан Көшекбаев, Елдос Жаппасбаев, Гүлфариза Шақарова, Мұхтар Наватов болды. Сонымен бірге мәдениет үйінің директоры Жасұлан Жәрменов, орынбасары Әзиз Садықов алдағы уақытта театр жобасына байланысты бірнеше бағытта жоспар жасалынып жатқанын тілге тиек етті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











