Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті

Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шара сахна төріне Мемлекеттік Тудың енгізілуімен және Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Мұнан соң аудан басшысы көпшілікті Конституция күнімен құттықтап, Ата Заң – елдіктің негізі, егемендіктің нышаны екенін айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ата Заңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі» деді. Басты құжат ел бірлігі және адамның ары мен абыройының сақталуын негіздейді. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Егемендікке қол жеткізген 35 жылға жуық уақыт ішінде қасиетті Сыр елі, оның ішінде құт қонған Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі қалыптасып, өрлеу мен өркендеуге бет бұрды. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен Сыр өңірінде жасампаз жобалар жүзеге асуда. Облыс бюджеті 823 млрд. теңгеден асып, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Cоңғы 3 жылдың көлемінде өңірімізде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жаңадан 15 мәдениет нысаны ел игілігіне берілсе, барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынды. Қызылордада «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым», «Өнер орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Өткен жылы облыс орталығында «Теннис орталығы» пайдалануға берілді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи «Оқушылар сарайы» ашылды. Биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен облыс бойынша 166 млрд. 800 млн. теңгеге 96 жобаның құрылысы жүруде. Қызылорда қаласында салынып жатқан қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы алдағы жылу маусымына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Достық үйінің» жаңа ғимараты бой көтеруде. Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы қыркүйек айында ашылады. Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Биыл облысымызда 10 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өткізілуде. Президентіміздің Катар еліне жасаған жұмыс сапары аясында Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңгеге бу-газ қондырғысы аудан аумағында салынатын болады. Бұл мегажоба ауданымыз үшін өте маңызды. Жоба 2028 жылы толығымен іске асқанда, аудан экономикасының дамуына үлкен серпін береді. Осындай өміршең істердің бастауында біздің Ата Заңымыз және Заңға бағынатын, тәртіпке бас иетін халқымыз тұрғанын атап өтуіміз қажет. Біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Ата Заңымыз бен бірлігіміз нығая берсін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы іргелі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ауданға инвестиция тарту жұмыстары жыл сайын ұлғайып келеді. Тамақ өнеркәсібін дамыту бағытында Шаған ауылында қуаттылығы 400 бастан бастап тауарлы сүт фермасын ашу жұмыстары жасалуда. Құны 4,3 млрд. теңгені құрайтын жобаны «Раманов» шаруа қожалығы жүзеге асырады. Сондай-ақ, ауданымызда «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігі «Жүгеріні терең өңдеу зауытын» салуды жоспарлауда. Құны 50 млрд. теңгені құрайтын зауыт құрылысы іске асқанда ауданда 500 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ауданда соңғы 3 жылда 19 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биыл аудан орталығында «Руханият» орталығы, Бесарық ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Шаған ауылында дәрігерлік амбулатория, Сәкен Сейфуллин ауылында №137 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Құны 2,7 млрд. теңгеге аудандағы 6 елді мекенде электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Биыл жоба құны 490 млн. теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары атқарылуда. Ауданды абаттандыру жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қарқынды жүргізілуде.

Тереңөзек кентінде құны 767 млн. теңгеге 15 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жергілікті бюджеттен бөлінген 56 млн. теңгеге Айдарлы, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Қалжан ахун, А.Тоқмағанбетов ауылдарына ойын алаңдары салынуда.

Ата Заң құрметіне орай өткізілген іс-шарада заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында ауданда еселі еңбек етіп жүрген сала үздіктері облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және арнайы төсбелгімен марапатталды. Мерекеге орай аудан көркемөнерпаздары патриоттық әндер айтып, көпшілікке ерекше рух сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

31 тамыз 2025 ж. 100 0