Ата заңым – айбыным
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Ата Заңым – айбыным» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты жиын ресми түрде ҚР Гимнімен басталды. Оған дейін келген қонақтар аудандық мәдениет үйінің фоесінде орналасқан суреттер көрмесін тамашалады. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа берілді.– Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі де қасиетті ұғым болса, Ата Заң – мемлекеттің іргетасын бекітумен қатар әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басты бағдары. Дана халқымыз «Заң бар жерде тәртіп те, тәрбие де, тағылым да бар» деп бекер айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ата Заңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі» деді. Басты құжат ел бірлігі және адамның ары мен абыройының сақталуын негіздейді. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты біріктірудің нағыз символына айналды. Сондай-ақ, негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциямызға құрмет көрсету – әрбір адамның басты парызы. Қазақстандықтар Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, жеке басы мен отбасы үшін де маңызды екенін сезінуі тиіс. Біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Ата Заңымыз бен бірлігіміз нығая берсін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Одан кейін салтанатты іс-шара марапаттаумен жалғасын тапты. Егемен елдің өсуі мен өркендеуі жолында ерен еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер облыс әкімінің және аудан әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Қоғалыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Кенжегүл Әуезоваға «Еңбек озаты» медалі табысталды.
30 тамыз – Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы қасиетті де қастерлі күн. Тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналатын Қазақстан Конституциясына биыл – 30 жыл. Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тапты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










