Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ретро әндер шырқалды

Ретро әндер шырқалды

«Кел, досым, ән шырқайық!» ретро ән кеші аудан орталығындағы орталық көшеде өтті. Ән кешін ұйымдастырған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері 70, 80, 90 жылдардағы халықтың сүйіп тыңдаған әндерін орындады.

Жаз мезгілінің жаймашуақ күнінде кенттің негізгі көшесінің бойында өткен ән кешін тамашалауға жиналған қауым адамның жан дүниесін сергітіп, жүректі тебірентер әуенді тыңдап, ерекше кештің куәсі болды. Әлем халықтарын біріктіретін сазды әуен қай заманда да мәңгі жасайтын алып күш іспетті. Өткен ғасырдың еншісінде қалған жылдарда шырқалған, жаңа­ша өңдеуден өткен ескі әндер көптің көңілінен шықты десек артық айтқандық болмас. Сахнада әртүрлі жанрдағы 30-дан астам ән шырқалып, хит болған әндерге қосылып ән айтқандардың қатары қалың болды. Шын мәнінде сағындырған әндердің өмірі мәңгі екенін халықтың қарасынан да аңғаруға болады. Көпшіліктің арасында бірі қосыла ән салса, енді бірі ырғала би биледі. Бір сөзбен айтқанда аға буын өкілдері жастық шақты еске алып, көңілдерін қуаныш кернеді.

– Ескірмейтін, есті әндер қашанда адам бойын елітіп, жүректі тебірентері анық. Музыка – әлемді біріктіруші күш. Жеті нотаға байланған сазды әуен санаға серпіліс сыйлайды. Расында, тарихы терең әрбір ұлттың құнды мұрасының бірі – мәңгі өлмейтін музыкасы десек, қателеспейміз. Өткен күнге көз жүгіртейікші. Ескі әндер тарих жылнамасында өз орнын ойып тұрып алады. Аға буынның жастық шағын көз алдына келтіріп, өткен өмірін ойға оралтатын ретро әндер мәңгілік жаңғыра біреді. Ашық аспан астында жергілікті халық кешқұрым серуен құрып, «Кел, досым, ән шырқайық!» тақырыбында ретро ән кешін тамашалады. Бүгінгі кеш кент тұрғындары үшін ерекше болды. Таза ауада, жастық шақтарындағы әсем әуендерін тыңдап, қалаған әуендерін әншілермен бірге шырқады. Аудандық мәдениет үйі қызметкерлері әрі қарай да халық қалауындағы ерекше кештерді ұйымдастыра беретін болады, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева.

Иә, ауданның көркемөнерпаздары сырдариялықтарға есте қаларлықтай әсерлі ән кеш сыйлады.

– Кентте керемет кеш болатынынан хабардар болғаннан кейін ертерек концертке келуге асықтық. Бір сәтке үй тірлігінен босап, керемет концерт көрудің өзі ғажап. Ауданның өнерпаздары жанды дауыста ән салып, жастық шағымызда тыңдаған, өзіміз де қосылып салған әндермен құлағымыздың құрышын қандырды. Қазіргі заманғы музыкадан ретро әндердің айырмашылығы жер мен көктей. Жүрекке жағымды, кез келген жастағы адамды өзіне еріксіз баурап алатын әуенді тыңдағанда қуанбаған жан қалмады. Мұндай әсерлі кеш үлкен қалаларда саябақтарда, ашық алаңдарда өтетінін көретінбіз. Енді міне, өзіміздің кентте де концертті ұйымдастыруға болатынына көзіміз жетті. Аудан өнерпаздарының жаңа­шылдықтарына алғысымыз шексіз, рақмет, өнерлері өркендей берсін, – дейді ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева.

Айта кетейік, бұл концертте орын­далған әндерді ауданда сахна төрінен көрінбей кеткен әншілер орын­дап, тыңдарманына керемет әсер қал­дырды.

Б.ЖАНӘЛІ
20 шілде 2024 ж. 294 0