Өлеңмен өрілген ғұмыр

Мерекелік кеште ақынның образына кіріп, адами болмысын шынайы орындай білген Қызылорда қаласы Жастар театрының әртісі Әл-Мұхаммед Бақытбекұлы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Салтанатты іс-шара драматургтің көзі тірі кезінде жинақталған бейнероликпен жалғасып, көрермен шежірелі тарихтың куәсі болды.
Мен ақынмын, Әулие емен, Бақсы емен.
Әрине ғой, күндерім бар көксеген.
Соның бірі – Ел есінен шықпайтын
Жазып кету ғажайып бір жақсы өлең, – деп ақын жырлаған өлең жолдарын арқау еткен шығармашылық іс-шараның алғысөзін Тереңөзек кенті мәдениет үйінің директоры Нұрхан Серікұлы сөйлеп, кемел тұлғаның әрбір тырнақалды туындысы қайталанбас мұра екенін айтып өтті.
– Биыл қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, белгілі ақын Қадір Мырза Әлінің 90 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілуде. Ақынның мұрағатта сақталған бейнетаспаларынан шағын ақпараттық бейнеролик жасап, көрерменге ұсындық. Мұндағы мақсатымыз ақын туралы тың деректерді халық білсін, оның шығармашылық жолындағы естеліктерін ұғына түссе дедік. Оның әр өлеңінің түкпірі, мән-мағынасы рухани құндылыққа бай. Сондай-ақ ол әнге арнап сөз шумақтарын жазып, елдің жүрегін тебірентетін ғажайып туындылар жарық көрген. Қазақ поэзиясында қалыптастырған сара жолы әрқашанда өскелең ұрпаққа үлгі болары анық, – деді Нұрхан Көшербаев.
Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген ақын өмірі қиыншылыққа толы болды. Сұм жылдардағы соқпақ жолды мойымай еңсеріп өткен тұлға кейінірек «Қазақтың Қадірі» атанатынын білген бе? Қызық... Оның қалыптастырған әдеби мұрасы мен шығармалары ел аузында. «Ақынның сөзі өлмесе, өзі өлмейді» дегендей, шығармашылық кеш ақынның туындыларын орындаумен жалғасты. Сондай-ақ өлең шумақтары оқылып, күмбірлете күй шертілді. Салтанатты іс-шара соңында әсем әуен әуелете орындалып, барша өнерпаз көрерменнің қошеметіне бөленді.
Ақын туралы мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және еңбек ардагері Мектепхан Сүлейменов құнды пікірін айтып, қазақ поэзиясының қайталанбас тұлғасы екенін айрықша атап өтті.
Жүректе жыр болып жатталып, көкейге ән болып қонақтаған қазақ поэзиясының алыбы Қадір Мырза Әлінің есімі жырларымен бірге мәңгі жасайтыны анық. Оның жазып қалдырған әрбір шығармасы ғасырлар бойы жас ұрпақтың санасында жатталады.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ