Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманкелді ауылында ардагерлер бөлмесі ашылды

Аманкелді ауылында ардагерлер бөлмесі ашылды

Аманкелді ауылындағы мәдениет үйінде «Алтын бесігім – Аманкелдім» тақырыбында өнер фестивалі мен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында «Өсер елді мәдениетінен танисың» тақырыбында аудандық семинар өтті. Қос іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, мәдениет саласының қызметкерлері мен кәсіпорын басшылары, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.

«Қос тойың қабат келсін» демекші, айтулы іс-шара барысында көпшілік мәдениет үйі жанынан пайдалануға берілген «Ардагерлер бөлмесінің» ашылу салтанатына куә болды. Демеушілік есебінен ашылған арнайы бөлме ауылдағы 200-ден аса ардагердің демалыс орнына айналады. Мұнда қазыналы қаттар бос уақытын тиімді пайдаланып, шахмат, дойбы, бильярд ойнайды. Сонымен бірге бөлме қабырғасына ауыл өмірімен біте қайнасқан ардагерлердің суреті ілініп, ғибратты сөздер жазылған.

Көпшілік «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасына кіретін «Креативті HUB» жобасы бойынша жергілікті бірнеше қолөнер шебері мен кәсіпкердің көрмесі өткізіліп, әрбір құнды бұйымы сатылымға шықты. Бұл ретте, концерттік бағдарламада сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева мәдениет саласына қатысты баяндама оқыды.

– Сырдария ауданының халқына 34 мәдениет мекемесі қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, 16 мәдениет үйлері мен клубтар, 1 жылжымалы мәдени-демалыс кешені, 17 кітапхана бар. Сонымен қатар 14 Халықтық ұжым жергілікті тұрғындарға өнер көрсетуде. Бүгінде мәдениет саласы мекемелері 102 үйірмемен қамтылған. Оған 1689 өнерпаз қатысады. Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша есепті кезеңде 553 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 60249 көрермен қамтылды. Аудан бойынша 58 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде, төртеуінің рес­публикалық маңызы бар. Олар Мүлкалан, Сырлытам, Асанас, Қожан қожа кесенелері. Сондай-ақ 14 жергілікті маңызы бар және 40 ескерткіш алдын ала тізімге кірген. Ал 58 ескерткіштің 15-і археологиялық, 43-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді, – деді бөлім басшысы.

Ауыл өнерпаздарының кешінде жанды дауыста халық әндері шырқалды. Мың бұрала билеген жастар бірқатар қойылым қойды. Өз кезегінде мәде­ниет үйі жанынан ашылған үйірме жұмысымен жиналған қауым танысты. Фестиваль қорытындысы шығарылып, сала мамандары өзара пікір алмасты.

Б.Ордабеков

13 шілде 2024 ж. 130 0