Алғашқы концертін жерлестеріне ұсынды
Жас өнерпаз Ерхан Тимурұлы өзінің жеке ән кешін өткізді. «Керексің» деген атаумен өткен көңілді кешке жиналғандардың қарасы қалың болды.
Шынын айтсақ, біз көрерменнің көптігіне таң қалдық. Сахнаға ентелеген жұрт мәдениет үйінің 220 орнын толтырып, одан қалса екі қапталда тікесінен тік тұрып жас әншіге қолдау көрсетті. «Ине шаншар орын болмады» деген тіркес осындайда айтылса керек-ті. Бұл – өнер иесіне құрметтің белгісі.
Жас әнші Ерханды бұрыннан танығанымызбен, бұл – жас өнерпаздың алғашқы жеке концерті. Сахна төрінде әсем ән шырқап, әуен ырғағына сай билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әншінің әні әуелегенде халықтың көрермендер залының қос қапталында тік тұрып тыңдайтынындай бар екен-ау деген ойға қалдық.
Жеке ән кеші барысында әнші заманауи әндерді орындады. Кеш жүргізушілері Ерханның осы күнге дейінгі жетістіктері мен өмір жолын тыңдарманға таныстырып өтті. Бастапқыда медицина саласын кәсіп еткен Ерханды өнер өлкесі өзінен алшақ жібере қоймапты. Кейін қайтадан әншілікке оралған ол бүгінде аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп, аудан руханиятының дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
– Мәдениет саласында еңбек етіп, түрлі байқау, концертке қатысқанымызбен, жеке шығармашылық ән кешімді бірінші рет өткіздім. Жан-жақты қолдау көрсетіп, концерттің жоғары дәрежеде өтуіне көмектескен әріптестеріме, алтын уақытын қиып, ыстық ықыласқа бөлеген аудан халқына ризашылығымды білдіремін. Бастапқыда қысылып, аз-кем қобалжығаныммен, халықтың шапалағы мен қошеметінен шабыт алдым. Көрермен ақ батасын жаудырып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынып жатты. Өнер адамына бұдан асқан бақыт бар ма? – дейді жас өнерпаз Ерхан Тимурұлы бізбен әңгімесінде.
– Таланттардың өлкесі, өнерпаздардың ордасына айналған Сыр өңірінің жарық жұлдыздарының ізбасары, өнердегі, өмірдегі бауырымыз Ерханның ән кеші кәсіби әншілердің концертінен кем түспеді. Әсіресе залда отырған анасына зор құрмет көрсетіп, марқұм болған әкесіне ән арнауы тіпті әсерлі болып, көрерменнің көңілін еріксіз босатты. Кеш қонақтары – енді танылып келе жатқан жас өнерпаздар да аудан тұрғындарының қошеметіне бөленді. «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген. Ерхан ініміздің өнері өрге жүзсін! Құдай тіл-көзден сақтап, Сыр елінің атын асқақтата берсін! – дейді жас әншінің өнер жолында оң бағыт беріп жүрген әріптесі Д.Палмахов.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ