Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырдариялық әншінің шығармашылық кеші өтеді

Сырдариялық әншінің шығармашылық кеші өтеді

Сырдариялық талантты әнші Руслан Садықов өнерде жүргеніне 20 жыл толуына орай шығармашылық кештерін ұйымдастыру үстінде. Сырдың сырбаз ұлы, дарынды әнші Руслан Садықов «Жырла, жүрек» тақырыбында 12 – желтоқсан күні облыс орталығында көпшілікке жеке концертін ұсынады. Оған өңірімізге белгілі өнерпаздар қатысатындығы мәлім.

Сырдариялық талантты әнші Руслан Бекарысұлы ең алғаш «Әнші балапан» байқауында жүлдегер атанды. Осылайша, сырдариялық өнерпаздың музыкаға деген құлшынысы арта түсті. Халықаралық дәрежеде бірнеше дүркін жеңімпаз атанған Руслан Садықовтың киелі сахнада жүргеніне 20 жыл болды. Бұл ретте, өнер иесі туған жері Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кенті мен елді-мекендерде есеп беру кешін өткізуде. Кеш барысында эстрадалық жанрдағы жаңа әндердің тұсауы кесілді. Сыр өңіріне танымал сазгерлер мен ақындардың әндері көпшілік көңілінен шықты. Табиғи дауыста ән шырқаған Руслан Садықов аудан әкімдігі мен жерлестеріне өз алғысын айтты.

– Өнер жолындағы толағай табысым мен зор жетістіктерім туған жер топырағынан бастау алды. Ауылдан шыққан қарадомалақ баланы киелі сахна бауырына басты. Сонау жылдары «Таңшолпан», «Жас қанат», «Менің Қазақстаным», «Славянский базар в Витебске», «Крымская волна», «Айналайын», «Аплаус» байқауларында ел намысын абыроймен қорғағаным әлі есімде. Мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда музыкалық колледжінде «Қазақстанның еңбек сіңген әртісі» Қаракөз Ақдаулетованың «Ән салу, вокал» бөліміне оқуға түстім. Міне, содан бері музыкамен кәсіби тұрғыда машықтанып келемін. Өткен жылы облыс орталығында үлкен концерт беруді жоспарлаған болатынбыз. Осылайша, үлкен еңбектің арқасында облыс халқына есеп беру кешімді өткіземін – деді Руслан Садықов.

Бала күнінен шығармашылықпен үзбей айналысып келе жатқан Руслан Садықов 2014 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал осыдан 24 жыл бұрын жас әнші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңіріне сапары барысында ән шырқады. Негізінен, талантты жанды халыққа танытқан Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әні болатын.

– Біздің ұлымыз жастайынан өнерге жақын болды. Ізденімпаз қасиетінің арқасында музыканы жетік меңгерді. Әлі есімде 9 жасында «Әнші балапан» байқауына қатысып, алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Өнер адамы болу оңай емес. Бірақ, Руслан киелі сахнаның құдіретін сезініп, алдыңғы буын ағаларының ізін жалғастыра білді. «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет» деген қазақта тәмсіл бар. Адами болмысымен дараланған перзентімнің ел азаматы атанғанына ризамын, – дейді анасы Гүлсім Құлымбетова.
07 желтоқсан 2022 ж. 472 0