Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ізденейік, үйренейік, жас маман!

Ізденейік, үйренейік, жас маман!

Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Үйренейік, ізденейік, жас маман!» тақырыбында мәдениет саласы қызметкерлерінің облыстық байқауы өтті. Байқаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне Қазақстанның Еңбек Ері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Абзал Ералиев қол­дау көрсетті.

Облыстық байқаудың ашылуында ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, кел­беті көз тартатын керемет ауылдың Тәу­ел­сіз­дік жылдарындағы жетістіктерімен бөлісті.

– Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы Сырдария ауданының ғана емес, Сыр өңірінің үлгілі ауыл­дарының қатарына енді. Бұл жетістік мем­лекеттік қолдаудың және ауылдың жанашыр азаматтарының демеушілігінің ар­қа­сында мүмкін болды. Ауылдың тыныс-тір­ші­лігінде, даму белестерінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп. Бұған «Абзал және К» ТС мен «Мағжан және К» ЖШС көп үлес қосып келеді. Компания жыл сайын ауылды абаттандыруға, көркейту-көгалдандыруға 100 млн теңге бөліп, елді мекеннің сәні мен салтанатының жарасуына ерекше қолдау біл­діруде. Бүгінгі облыстық байқаудың ұйымдастырылуына да Абзал Жұмашұлы қол­дау білдірді. Бұл – ауылдың бірлігі бекем, тірлігі көркем екенінің жарқын көрінісі, – деді ауыл әкімі.

Байқау мәдениет саласындағы жас ма­ман­дардың біліктілігін арттыру, оларды іс­керлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне жауапкершілікпен қарауға бар күш-жігерін жұмсауға баулу мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сала мамандарының тәжірибелік алаңын кең­ейту, жас мамандардың мәртебесін көтеру және оларға қолдау көрсету байқаудың басты мақсаты болды.

Үш кезең бойынша бақ сына­ған қатысушылар өздерін таныс­тырып, сала жұмысын жандан­дыру бағытындағы жобаларын­ қорғап, тосыннан қойылған си­туа­циялық сұрақтарға жауап бер­ді. Талапкерлердің өнерін, сахна мә­де­ниетін сақтауын, жалпы шы­­ғар­­ма­шылық әлеуетін облыстық ха­лық шығармашылығын дамыту және мә­­дени-продюсерлік орта­лы­ғының ди­ректоры Ж.Құра­мысова, ҚР Мә­дениет саласының үздігі, Сырдария ау­дандық мәдениет үйінің әдіс­кері Г.Сәрсенбаева және ақын, ау­­дандық мәс­ли­хаттың депутаты А.Ибрагимұлы ба­ға­ла­ды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Шиелі ау­данындағы Бұдабай Қабылұлы атын­дағы мәдени шығармашылық ор­та­лығының әдіскері Гүлсім Тұрсынбек иеленді. ІІ орын Қармақшы ауданына қарасты Төретам ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Назерке Төлебаеваға берілді. Сәй­кесінше І орынды Сырдария ауданы­ның Аман­­келді ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Назым Болатбекқызы иемденсе, байқаудың бас жүлдесімен Арал аудандық мәде­ниет үйінің үйірме жетекшісі Абылайхан Бектасов марапатталды. Марапаттау салтанатында об­лыс­тық ха­лық шығармашылығын дамыту және мә­­дени-продюсерлік орта­­лы­ғы­ның ди­ректоры Ж.Құра­мысова байқаудың ұйым­дас­тырылуын жо­ғары бағалап, қа­тысушылардың із­денісіне, еңбегіне оң баға берді.

– Бізге мұндай байқауларды көп өт­кізу керек. Себебі, сала маман­дары тәжірибелерін шыңдап, бір-бірінен жаңа идея­­лар мен жаңа­шыл­дықтарды үйренеді. Сондықтан байқауды ұйымдастыруға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын. Ал, жеңімпаз атанған мамандар мұнымен тоқтап қалмауы керек, әлі де ізденіп, тың жобаларды­ қолданысқа енгізіп, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетуді бас­­ты мақсат етуі керек. Мен әріп­тес­терімнің халықтың сұранысына сай еңбек етіп, жұртшылықтың алғысына бөленетініне сенемін, – деді ол.

Өз кезегінде ақын, ау­дандық мәс­­ли­хат депутаты А.Ибрагимұлы хал­­қы­мыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бүгінгі күнге аман-есен жетуіне және келешек ұрпақтың санасына сіңіруге мәдениет, өнер саласы өкілдерінің қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтты. Тек мәдени қызмет көрсетумен ғана шектелмей, ағартушылық қызмет­ті де қатар атқаратындарына тоқ­талып, киелі сахнадан халыққа қара­та айтылатын әр сөзге мән беріп, әр сөзді орынды, дұрыс қолданудың маңыздылығы жөнінде пікір білдірді.

– Әрине, байқау болған соң жеңімпаз анықталуы керек. Біз бәрін әділ бағаладық деп ойлаймын. Мен әсіресе қатысушы талапкерлердің сөйлеген сөзіне ерекше мән бердім. Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» демепті. Ол кісі «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен. Мұны түпнұсқадан да көруге болады. Бұл жерде тіл мен сөз екі мағына, бөлек ұғым. Яғни, сөйлегенде сөзді дұрыс қолдану, қатесіз айту аса маңызды. Мәселен, қазір «шара» мен «іс-шараны» ажырата алмай, жұртты шатастыратындар көбейіп кетті. Бүгінгі байқауда да сол анық байқалды. Шара (мера) «өтпейді», шара «қолданылады» немесе «қабылданады». Адам шараға қатыспайды, іс-шараға қатысады. Сондықтан сөйлегенде «шараға қатысу үшін келдік» деп емес, «іс-шараға қатысу үшін келдік» деп қатесіз айтуымыз қажет. Осындай қарапайым қағидаларды сахнада жүрген, халық аузына қарап отырған мамандар қаперде ұстауы керек. Тіліміздің тазалығын сақтау үшін бұл маңызды рөл атқарады, – деді ол.

Айта кету керек, жеңімпаздарға қар­жылай сыйақылар және «Абзал және К» ТС демеушілігімен қо­нақасы берілді. Өңірдің мәдениет, өнер сала­сының өкілдері республикаға белгілі үздік ауылдың кө­рікті жерлерін аралап, естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күйде тар­қасты.

«Тт» ақпарат
19 қыркүйек 2023 ж. 275 0